Бұл туралы агенттіктің жолдаған ресми сауал хатына берген жауабында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Қасымов мәлім етті.

- Жоғарыда аталған азаматтар бес жағдайда (7,1%) діни көзқарасына, 46-сы (65,7%) жеке себептерге байланысты екпе алуға келісімін бермеген. Сондай-ақ 16 жағдайда (25,7%) вакцинаға сенім білдірмесе, үш жағдайда (4,2%) негативті пікір білдірген. Көбінесе медициналық көрсеткіштер бойынша бір жыл толғанға дейін екпеден уақытша бас тартады. 2016 жылы 224 екпеден бас тарту оқиғасы тіркелінген. Оның ішінде жеке себептер бойынша – 134 (66,7%) жағдай, 35-і (15,8%) вакцинаға сенбеуден, 11 жағдай (13,8%) діни себептерге байланысты және 4 жағдайда (1,8%) БАҚ-тан кері ақпарат алуы әсер еткен.

Ведомство ұсынған ақпаратқа сүйенсек, ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы №2295 қаулысына сәйкес әзірленген Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес балалар туберкулезге қарсы, В вирустық гепатитіне, көкжөтел, дифтерия, сіреспе, гемофильді жұқпа, қызылша, қызамық, эпидемиялық, пневмококтік, жұқпалы паротит, полимиелит екпелерін алады.

Айта кетерлігі, 2017 жылы облыс бойынша 0-ден бастап 16 жас аралығында екпе алатын балалардың саны - 134 600. Өңірде былтыр және биылғы жылы вакцинадан асқыну жағдайлары тіркелмеген.

Ақбота Сейсенбаева

pavlodarnews.kz