Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Павлодар облысы әкімінің орынбасары Алмас Батанов мәлім етті.

- Өздеріңізге белгілі елімізде төтенше жағдай енгізілді. Барлық жағдай бақылауда екенін айтқым келеді. Біздің басты міндетіміз – халықты өмірлік бірінші қажетті азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету. Дүрлікпеге салынудың, азық-түлікті молымен қамдаудың қажеті жоқ. Барлық сауда нысандары толық жұмыс істейді. Азаматтардың қауіпсіздігі үшін ірі сауда орындарында ғана шектеулер бар. Бағаларға күн сайын мониторинг жүргізіледі, - деді Алмас Батанов.

Спикердің айтуынша, қазіргі уақытта облыстағы өндірушілер мен тұрақтандыру қорының қоймаларында 55,5 мың тонна өнім бар. Ол өңір халқын 72 күнге қамтамсыз етуге жетеді.

- Бұл 72 күнде бітіп қалады деген сөз емес, - деді Алмас Батанов. – Өндірушілер мен өңдеушілер штаттық режимде жұмыс жасауда. Әрі қарай өнімдер толықтырылады. Кәсіпкерлерді жалған дефицит жасаудан, негізсіз баға өсіруден аулақ болуға шақырамыз.

Алмас Батанов бүгінде облыста әлеуметтік маңызы бар тауарлардың негізгі түрлері толық қамтамасыз етілгенін атап өтті. Өңірде 384 мың тонна сыйымдылығымен 134 көкөніс қоймасы бар.

- Бүгінде қоймаларда 4,8 мың тонна картоп бар, - деді спикер. – Ол 23 күнге жетеді. Алдағы уақытта Өзбекстан мен Пәкістаннан картоп келетіндіктен жетіспеушілік туындамайды. 11 мың тонна сәбіз сақталған. Ол 7 айға, яғни келесі егін өнімін алғанға дейін жетеді. Пияз күн сайын оңтүстік өңірлерден келісі 60-65 теңгеден әкелінуде. Сондай-ақ ұн тартатын кәсіпорындарда 4650 тонна ұн бар. Ұнмен қамту үшін элеваторларда 60 тоннадан астам бидай бар. 105 нысанда күн сайын 100 тонна нан шығарылады. Жіберілу бағасы 80-90 теңге. Макарон нысандарында 151 тонна макарон өнімдері бар. Күн сайын 19 тонна өнім шығарылады. 6 цехтың қоймаларында 220 тонна жарма мен қарақұмық бар. Бұның барлығы жеткілікті көлемде.

Облысымызда сиыр етін өндірумен 1 мыңнан астам шаруашылық айналысады. Олар ай сайын 1400-1500 тонна ет шығарады. Бұл айлық шығынды толығымен жабады.

Алмас Батановтың айтуынша, бағаны ұстап тұру үшін тұрақтандыру қорында 1357 тонна тауар бар.

- Қорда 1357 тонна картоп, сәбіз, пияз, күріш, жұмыртқа, ұн, қарақұмық, өсімдік майы, қант сақталған, - деді облыс әкімінің орынбасары. – Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру үшін қосымша 1 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қаржыға ірі сауда желілері тауар сатып алады және тұрақтандыру қоры жоғарыдағы тауарлардың тізімін 12-ге жеткізеді. Бағаны тұрақтандыру кезінде қордан жіберіліп отырады.

Айта кетейік, облыс орталығындағы сенбілік жәрмеңке еш өзгеріссіз өткзіледі. Тауарлар көлемі мен бағаға да өзгеріс енбейді.

Оразбек Саяхат
Фото: ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: