Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында ҚР ҚМ Павлодар облысы бойынша экономикалық тексеру департаментінің басшысы Саят Саукомбеков мәлім етті.

- Ұсталған ер адам заңды түрде кәсіпкер емес, - деді Саят Саукомбеков. – Ол интернет арқылы 1 мың бетпердені сатпақ болған. Бетпердені қайдан алғаны қазір анықталуда. Біз әлеуметтік желіні тұрақты бақылаймыз. Бұл осындай алыпсатарларды анықтауға септігін тигізуде.

Спикердің айтуынша, оған қоса, 212 литр антисептикалық затты қымбат бағаға сату оқиғасы да анықталған.

- Оны өндіруші зауыттан 2,5 мың теңгеге алып, 4 мың теңгеге сатпақ болған. Барлық тәркіленген бетперделер мен антисептикалық заттар денсаулық сақтау басқармасы мен медициналық ұйымдарға қайтарымсыз таратылады, - деді Саят Саукомбеков.

Департамент басшысы бағаны өсіру мен заңсыз сауда айыппұлдан бастап, 2 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкелетінін атап өтті.

- Қазір төтенше жағдайда өмір сүріп жатқан кезде бағаны өсіру, алаяқтықпен айналысу моральдық тұрғыдан дұрыс емес. Ол қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік тұрғысынан да дұрыс емес. Өткенде 55 мың бетпердені елордаға апарып сату оқиғасы да анықталды. Барлық жағдай бақылауымызда. Азаматтардың заңсыз саудамен айналысуына жол бермейміз, - деді Саят Саукомбеков.

Оразбек Саяхат
Фото: ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: