Павлодар облысы бойынша ҚАЖ департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, АП-162/3 орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеп жатқан Василий өз қолымен тіккен 20 бетпердені әйелі мен балаларына жіберген.

Василий ұрлық үшін жазасын өтеп жатыр. Мерзімінің соңына дейін бірнеше ай қалды. Жазасын өтеу кезінде ол тігін ісін меңгеріп, өзінің жұбайы мен қызына бетперделердің бірінші партиясын жіберді.



- Әлемде қорқынышты оқиғалар орын алуда. Өкінішке орай, ол біздің елімізді айналып өтпеді. Мен Қазақстан азаматы ретінде коронавирустың алдын алуға өз үлесімді қосуды шештім. Мекемеде тігін ісіне оқыдым. Енді бетперделерді тігіп жатырмын. Туған-туыстарыма жіберу үшін мекеменің әкімшілік қызметкеріне жүгіндім. Отбасымды өте жақсы көремін және сағынып жүрмін,- дейді Василий.



Бетперделер сотталғанның жұбайы мен қызына табысталды.

- Бұл - кішкентай, бірақ біздің әкемізден қажетті сыйлық. Мекеме қызметкерлеріне рахмет,- деді жұбайы.

Айта кетейік, АП-162/2, АП-162/3 және АП-162/4 мекемелерінің сотталғандары тігін цехтарында күн сайын бетперделер тігеді.

Фото: Павлодар облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметі

pavlodarnews.kz

Тэги: covidk