Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы мәлім етті.

-    4-тоқсанды қашықтықтан оқыту жұмысы ұйымдастырылуда, - деді Дінислам Болатханұлы. – Облыста 357 жалпы білім беретін мектеп бар. Барлық мектептер кең жолақты интернетпен қамтамасыз етілген және «Күнделік» бірыңғай ақпараттық жүйесіне қосылған. Сондықтан мектептерде қашықтықтан оқытуға қатысты мәселе жоқ. Интернет жылдамдығы нашар ауылдардағы балалар телеарналар арқылы білім алады. «Балапан» арнасында – қазақ тілінде, «Еларна» арнасында – орыс тілінде сабақтар өтеді.

Басқарма басшысының айтуынша, қашықтықтан оқыту кезінде үрдістер негізінен «Күнделік» бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы жүреді.

-    Бұл платформаны өңірдегі мектептердің барлығы қолданады, - деді Дінислам Болатханұлы. – Бұнда сабақты жүктеуге, хабарландыру жасауға, кері байланысқа шығуға болады. Баға да қойылады. Сабақ өткізудің алгоритмі дайындалды. Қазір оқушылар мен ұстаздар тәжірибеден өткізуде. Сондай-ақ қосымша Zoom.us, sabak.kz, Skype және барлық әлеуметтік желілер мен мессенджерлер қолданылады.



Павлодар облысындағы орта мектептерде 109 мың оқушы бар. Шалғай ауылдағы шағын мектептерде білім алатын 5 мыңға жуық оқушы өз мектептерінде білім алуы мүмкін.

-    Бұл мәселе қазір қарастырылу үстінде, - деді басқарма басшысы. – Бұған шалғай жатқан ауылдардағы аз қамтамасыз етілген мектептер кіреді. Ол мектептердегі бала саны 5-тен 80-ге дейін ғана. Әр сыныпта 5-6 бала оқиды. Осы мектептерде технологиялық жетіспеушілікке байланысты барлық санитарлық талаптар сақталып, дәстүрлі түрде білім беру жалғасуы мүмкін.

Дінислам Болатханұлы ауылдармен қатар, қалаларда да интернет пен смартфон телефондар қолжетімсіз отбасылар бар екенін атап өтті. Оған қоса, көпбалалы отбасылардың жағдайына да тоқталды.

-    Облыс орталығында да ондай жағдайлар бар екені рас, - деді басқарма басшысы. – Біз бүгінде әр оқушымен байланысқа шығып жағдайды анықтаудамыз. Мүмкіндігі жоқ отбасыларға көмек көрсетілетін болады. Ал, көпбалалы отбасылардың жағдайын біз үнемі қаперде ұстаймыз. Үйінде көп баласы бар отбасы бір компьютерді пайдалануы мүмкін. Сабақ кестелері де соны ескеріп құрылады. Сондай-ақ әр сабақ платформада сақталып тұрады. Оқушы кейін де қайталап көре алады.  

Айта кетейік, қашықтықтан оқыту кезінде сабақтар бұрынғыдай 45 минут болмайды. Қазіргі уақытта сабақтарды 15 минут немесе 30 минут қылу мәселесі қарастырылуда.

Оразбек Саяхат
Фото: ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: covidk