«Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Фархат Әлімов атап өткендей, коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау және оқшаулау шараларын күшейту мақсатында карантин барысында еліміздегі халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы уақытша тоқтатылды.

- Қазақстандықтарға бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы онлайн форматта көрсетіледі, - дейді Фархат Әлімов. – Сондай-ақ қажетті анықтамаларды egov.kz, mobile.egov.kz және телеграм боты арқылы алуға болады. Оған қоса ХҚКО ең тәжірибелі 90 қызметкері 1414 телефон нөмірі бойынша павлодарлықтарға онлайн түрде көрсетуде.

Фархат Әлімовтің айтуынша, бұл қызметкерлер бір уақытта 1000 астам кеңес бере алады. Байланыс орталықтары дүйсенбіден сенбіге дейін 09:00-20:00-ге дейін жұмыс істейді. Қоңырау шалу тегін.

Одан өзге, «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ облыстық филиалдарында 26 наурыздан бастап онлайн режимінде электрондық цифрлық қолтаңбаны алуға болады. Ол үшін egov.kz порталы арқылы бейнебайланысқа шығып, ХҚКО қызметкерінің сұрақтарына жауап беріп, селфи арқылы жеке куәлікті порталға жолдау керек. Аталған қадамдардың барлығына небары 5-6 минут жұмсалады.

«Азаматтарға арналған үкімет» өкілдері атап өткендей, жақында төлқұжат пен жеке куәлікті де онлайн режимде рәсімдеуге мүмкіндік ашылады. Қазіргі кезде бұған соңғы әзірліктер жасалынуда.

Айта кетейік, төтенше жағдай режимі кезінде 1414 телефон нөміріне республика бойынша 500 мың қоңырау шалынып, кеше бір күн ішінде 800 ЭЦҚ рәсімделді.

Айбек Жұматов

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

pavlodarnews.kz

Тэги: covidk