Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Павлодар облысы әкімінің орынбасары Асхат Оралов мәлім етті.

- 30 наурызда төтенше жағдайлар бойынша жедел штабтың отырысы өтіп, індеттің алдын алу мақсатында қауіпсіздік шараларын күшейту үшін қосымша шектеулер қою туралы шешім қабылданды, - деді Асхат Оралов. – Ең алдымен Ресей елімен шекараға 5 блокпост, еліміздің өзге өңірлерімен шекараға 4 блокпост қойылады. Басқа өңірлердің азаматтарының өтуіне тыйым салынады. Тек емделуге, жұмыс сапары бойынша келгендерге қызмет ететін орнынан алынған анықтама арқылы ғана өтуге рұқсат беріледі. Бұл қойылған шектеулер еліміздегі төтенше жағдай алынғанға дейін жалғасады.

Еске сала кетейік, енгізілетін қосымша шектеулер туралы мына сілтемеден білуге болады.

Асхат Ораловтың айтуынша, облыс ішіндегі көлік қозғалысына шектеу қойылмайды. Ал, тұрғындардың түнгі сағат 22:00-ден таңғы 6:00-ге дейін үйлерінен шығуы шектеледі.

- Басқа ауылдарда немесе қалаларда қызмет атқаратындарға, елдімекендерге баратындардың қозғалысына шектеу қойылмайды, - дейді Асхат Оралов. – Облыс ішіндегі жолаушылар тасымалы азаяды. Тек басқа өңірлерден келетіндерге тыйым салынған. Келетіндер қатаң бақылаудан өтеді. Балабақшалар мен сауда үйлері жұмыстарын жалғастырады. Алайда, санитарлық талаптар күшейтіледі. Бірақ ата-аналарға балаларын үйлерінде қалдыруға кеңес береміз. Сауда үйлері сағат 10:00-18:00 аралығында жұмыс істейді. Тұрғындар түнгі сағат 22:00-ден кейін үйлерінен тек дәріханаларға, азық-түлік дүкендеріне, медициналық көмекке жүгіну үшін ғана шығуға болады.

Облыс әкімінің орынбасары мүмкіндігі бар ұйымдардың барлығы қашықтықтан жұмыс жасауға көшіріліп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ тұрғындарды жалған ақпараттарға сенбеуге, таратпауға кеңес берді.

- Соңғы кезде өңірімізде жалған ақпарат тарату жағдайлары анықталуда, - деді Асхат Оралов. – Тұрғындардың жалған ақпараттарға сенбеуін, оларды таратпауын сұраймыз. Ондай жағдай анықталса, құқық қорғау органдарымен тиісті шаралар қолданылады. Тек ресми ақпаратқа сенген жөн. Сабырлық сақтап, қолдан келген шараларды қолданып, тек түнгі уақытта ғана емес, жалпы үйлерінде қалуын сұраймыз.

Айта кетейік, осы уақытқа дейін Павлодар облысында 1262 адам коронавирусқа қатысты бақылауда болған. 628 адамнан бақылау алынды. Бүгінде 634 азамат бақылауда. Стационарда медициналық қарауда – 77 адам, үй карантинінде – 557, қоңырау шалумен – 38 адам бақылауда.

Тұрғындар төтенше жағдайға және вирусқа қатысты сұрақтары бойынша өңірлік 109 бірыңғай нөміріне, 103 жедел жәрдем желісіне, елімізге ортақ 1406 нөміріне хабарласа алады.

Оразбек Саяхат
Фото: Валерий Бугаев және Ольга Музалевская

pavlodarnews.kz

Тэги: covidk