Бұл туралы агенттіктің жолдаған ресми сауал хатына берген жауабында облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Ернұр Дәуенов мәлім етті.

- Көріктендіру шараларына жұмылдырылатын оқушыларға төрт сағаттық жұмыс күні үшін 15 күнге орташа еңбекақы 15 000 теңгеден төленеді, - дейді Ернұр Дәуенов. - Сонымен қатар Павлодар қаласында мектептердің еңбек жасақтары мен «Жасыл ел» сарбаздарына 4,8 мың теңге мөлшерінде жолақысына бір реттік өтемақы қарастырылған. Бос уақытты қамтудың барлық түрін ұйымдастыруға жергілікті бюджеттерден 392,9 миллион теңге қарастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 125 миллион теңгеге артық (2016 жылы – 267,9 млн теңге).

Ведомство ұсынған ақпаратқа сүйенсек, жазғы науқан кезінде мектеп жанында, күркелі, киіз үй, туристік, қала сыртындағы және профильді 760 лагерь ашу жоспарланып отыр. Өткен жылы олардың саны 753 болған. Облыстың мектеп жанындағы және қала сыртындағы лагерьлеріне жаппай оқыту қоры  есебінен әлеуметтік қорғалмаған отбасынан шыққан, балалар үйлерінде, баспанада және интернаттарда тұратын 10,0 мыңнан аса жетім бала қамтылады.

Екібастұз аймағының жетім балалары үшін «Богатырь Көмір» ЖШС бірнеше жыл қатарынан «Қарлығаш» лагеріне 200, Ақсу қаласының «Қазхром» ТҰК АҚ ферроқорытпа зауыты 100 жолдама ұсынады. Сонымен қатар «МАЭС-2» 60 балаға «Орленок» қала сыртындағы жеке меншік лагеріне, «KEGOK» АҚ 20 балаға Бурабай көлі мен қала сыртындағы «Қарлығаш» лагеріне және «Қарасор тау-кен комбинаты» ЖШС 40 баланың «Орленок» қала сыртындағы жеке меншік лагеріне баруына демеуші болады.

Жазғы демалыс кезінде қалалық және аудандық білім беру бөлімдері арасында «Жаз-2017», педагогикалық жасақтар арасында «Бала достары», мектеп жанындағы оқу-тәжірибе учаскелері арасында «Жасыл желек», «Үздік мектеп жанындағы лагерь» және «Үздік профильді лагерь» конкурстары ұйымдастырылады.

Айта кетейік, өңірде жазғы кезеңде демалыс және сауықтырумен 91450 оқушы немесе 1-10 сынып оқушыларының жалпы санынан 99,0%-ы қамтылады.

Ақбота Сейсенбаева

pavlodarnews.kz