Диқандар нарықтағы сұранысқа сай биыл майлы дақылдарды көбірек егуге ниетті. Төрт түлік санының артуына байланысты мал азығы да молынан әзірленбек.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Байболат Рахымжановтың мәліметінше, биыл 750,4 мың гектарға дәнді дақылдар, 240,8 мың гектарға майлы дақылдар, 19,3 мың гектарға картоп, 7,2 мың гектарға көкөніс, 2,5 мың гектарға бақша дақылдары себіледі. Сондай-ақ, 15,4 мың гектарға зығыр, 5,6 мың гектарға рапс,
7,7 мың гектарға жасымық тұқымы себілмек. 460 мың гектардан (былтырғы көрсеткіш – 320,4 мың га) мал азығы әзірленеді деп жоспарлануда.

- 2016-2021 жылдарға арналған егіс алқаптарын әртараптандыру бойынша жасалған меморандум шеңберінде биыл дәнді дақылдар алқабы 33,6 мың гектарға қысқарды. Есесіне, жарма дақылдарының алқабы 10,6 мың гектарға ұлғайтылады. Сәуір айының 10-нан кейін шаруалар ылғал жабу, жер жырту жұмыстарына кіріседі деп күтілуде. Әрине, барлығы ауа райына байланысты. Ең әуелі көпжылдық шөптер егіледі. Дәнді дақылдарды егу жұмыстары мамырдың 15-нен кейін қолға алынады, - дейді Байболат Рахымжанов.

Тұқым мәселесіне бас ауыртып отырғандар жоқ. Бүгінде диқандардың иелігінде 134,4 мың тонна жаздық егіс тұқымдары сақтаулы. Атап айтсақ, дәнді дақылдар - 89,5 мың тонна, майлы дақылдар - 1,66 мың тонна, картоп - 43,3 мың тонна. Облыстағы элиталық тұқым шаруашылықтары сату мақсатында 18,2 мың тонна жоғары репродукциялы
тұқым дайындап үлгерген. Әзірге диқандардан 5,7 мың тонна көлемінде тұқым сатып алуға өтініштер түскен.

Оралхан Қожанов

Фото: ашық көздерден

pavlodarnews.kz

Тэги: экономика, Павлодар облысы