Өнер мектебінің директоры Медғат Манапов атап өткендей, күй додасына еліміздің әр түкпірінен 70-тен астап домбырашы мен 40-тан астам ұстаз келген.

-Мақсатымыз – жастар арасында ұлттық өнерді насихаттап, дамыту. Сайыстың талабы бойынша міндетті түрде әр домбырашы Құрманғазы, Тәттімбет, Дина, Қазанғап, Байжігіттің күйлерімен қатар, Рүстембек Омаровтың «Жастық шақ» шығармасын орындауы керек болды. Нәтижесінде 14-17 жас аралығындағы жоғарғы топ бойынша баянауылдық Данагүл Баркен бірінші орынға лайық деп танылды. Сондай-ақ, ортаңғы топта (11-13 жас) өскемендік Бурхан Расул, кіші топта (10 жасқа дейін) шымкенттік Серік Асқар бірінші орындарды иеленді. Ал, республикалық «Күй құдірет» байқауының бас жүлдесі ортаңғы топта өнер көрсеткен Есбол Хапанға бұйырды. Шығыс Қазақстан облысының атынан сынға түскен жас өренге Баянауыл ауданының әкімі Оразгелді Қайыргелдинов 150 мың теңгелік сертификат табыс етті, - дейді Медғат Манапов.

Жас добырашыларға Қазақстан Республикасының «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, әйгілі «Ұлытау» тобының солисті Ержан Әлімбетов, Ахмет Жұбанов атындағы республикалық дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты халық аспаптар бөлімінің меңгерушісі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Тұңғыш Президент қоры сыйлығының лауреаты, Мемлекеттік стипендия иегері Нұркен Әшіров, Қазақ Ұлттық Өнер университетінің аға оқытушысы, өнертанушы, республикалық Тәттімбет атындағы күйшілер байқауының бас жүлдегері, шертпе-күйші Қайрат Айтбаев сынды танымал тұлғалар баға берді.

Жарыс соңында арнайы аталымдар бойынша да үміткерлер марапатталды.

Қазақстанның халық әртісі Мағауия Хамзин атындағы арнайы жүлдені павлодарлық Оразбай Әйгерім иеленді. Ал, төкпе күйді шебер орындағаны үшін екінші арнайы жүлде семейлік Нұрлан Нұржанның қанжығасына байланды.

Абзал Қабдраш

pavlodarnews.kz