Бұл туралы Лебяжі аудандық мешітінің бас имамы Мақсат Ыбыраев агенттік тілшісіне берген сұхбатындай айтып берді.

- 2004 жылы ашылған Алланың үйіне биыл алғаш рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Материалдар ауданның белгілі кәсіпкер азаматтарының демеушілігімен алынды. Жұмысты да солар жүргізіп жатыр. Атап айтар болсақ, мешіттің ішіне толығымен күрделі жөндеу жүргізіліп, есігі, терезесі ауыстырылуда. Сонымен қатар, мәйітке жаназа шығарылатын орын жаңадан салынып, жабдық беретін асханасындағы ыдыстар мен орындықтар және үстелдер толығымен жаңартылуда, - дейді Мақсат Ыбыраев.

Мешіт имамының сөзінше, мұнда жалғызбасты адамдар дүние салып, ақтық сапарға шығарып салатын жанашыр жақыны, туыс-туғандары болмаған жағдайда кіргізіледі. Яғни, жуындыру, кебіндеу жаназасын шығару секілді соңғы діни рәсімдері жасалады. Себебі бұған дейін ыңғайсыз жағдай орын алған.

- Ауылдың бір азаматы қайтыс болған соң жуындырып, ақтық сапарға шығарып салатын ешкім табылмады. Туыстарының өзі үйде балалар қорқады дегенді сылтау етіп, сауапты істен бас тартты. Амалсыздан мәйітті мешіттің дәрет алатын жерінде жуындырдық. Міне, осындай жағдай қайталанбасын деген ниетпен арнайы орын салуды көздеп отырмыз. Қараусыз қалған мәйітті жуындыру үшін мешіттің алқа мүшелерінен және шәкірттерінен арнайы адамдар бекітіледі. Қызмет тегін көрсетіледі, - дейді имам.

Айта кетейік, қазір мұндай мәйіт жуындыратын орын Павлодар қаласы бойынша «Ақмешіт» мешітінде ғана жұмыс істейді.
Мешіт имамы Біржан Әкімбековтің айтуынша, 1996 жылдары салынған жуындыру ғимаратын адамдар көптеп пайдаланады. Мысалы, кейбір көп қабатты үйлерде тұратын қала тұрғындары үйлерінің тарлығы салдарынан дүниеден өткен жақындарын жуындыру, кебіндеу секілді рәсімдерді жасай алмайды. Сонымен қатар, кейбір мұсылмандар сауабы көп болсын деген ниетпен мәйітті Алланың үйінен шығарғысы келеді.

Тілеуберді Сахаба

pavlodarnews.kz