Еске сала кетейік, көпшіліктің ашуын тудырған видео «Полезный экибастузец»  Instagram парақшасында жарияланған болатын. Бейнероликте  әйелдің кішкентай баланы оқытып отырып, жұлқылап, басынан ұрғаны көрінеді. Көз жасына булыққан бүлдіршін үнін шығармай отырады. Оның дәрменсіз күйін пайдаланған әйел желкесінен ұрған. Соққыдан бала құлап кетеді, бірақ тәрбиеші оның қолынан ұстап қалып, ештеңе болмағандай тізесіне отырғызады.  

Екібастұз қаласының прокуроры Берік Адамовтың айтуынша, логопед С. Омильникова күш қолданған бейнематериалға қатысты тексеріс жүргізілуде.

-   Әлеуметтік желілердегі қызу талқыға  түскен оқиға орын алғаннан кейін баланың анасы Анастасия Безукладникова жүгінген болатын. Аталмыш факт прокуратураның тізімдер кітабына алынған. Әрі қарай процессуалдық шешім қабылдау үшін материал Екібастұз қаласының ішкі істер басқармасына таспырылды, - дейді Берік Адамов.

 Облыстық білім беру басқармасы басшысының  орынбасары Ернұр Дәуенов болса, күш қолданған логопед-психолог үшін ведомство жауапты емес екенін жеткізді.

-   Балаға қол көтерген маманның жеке пәтерде жұмыс істеп отырғаны белгілі. Ол табыс тауып, салық төлейді. Бұл мәселенің білім беру басқармасына ешбір қатысты жоқ, - деп  Ернұр Дәуенов кәсіпкерлік басқармасына жөн сілтеді.

Десе де,  облыстық кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасына хабарласқанымызда да  аталмыш жағдай ведомствоның құзыреттілігіне енбейтін болып шықты.

-   Бұл жағдайдан хабардармыз. Екібастұз қаласының білім беру бөлімі осы жағдай бойынша жүгінген. Дегенмен біз мемлекеттік бағдарламалар аясында және грант алған кәсіпкерлерге ғана қолдау көрсетіп, солармен  жұмыс істейміз. Ал, жеке пәтерде қызмет көрсететіндер бізде тіркелмейді, - дейді сауда-саясат бөлімінің бас маманы Ризабек Теміров.

Ақбота Сейсенбаева

 Сурет «Полезный экибастузец» Instagram парақшасынан алынған 

pavlodarnews.kz