ТЖ департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, павлодарлық құтқарушылар балықшылар арасында тұрақты түрде рейдтер өткізіп, 700-ге жуық жадынама таратқан. Ертіс өзенінің барлық су айдыны бойынша шөлейт, ойпаттар бар қауіпті жерлерде екі жүзден астам тыйым салатын және ескерту белгілері орнатылған.

- Облыс су айдындарында жылы күннің келуімен мұз астынан балық аулауды ұнататындар саны артты, - дейді баспасөз қызметінде. - Құтқарушылардың ескертулері мен ұсынымдарына қарамастан, көптеген балық аулаушылар су айдынындағы шұңқырлардың жанында отырғанын күн сайын көруге болады. Олардың көпшілігі тәжірибелі балықшылар болғандықтан мұздың қалыңдығы 35 см-ге дейінгі жерлерді таңдайды. Бірақ көктемгі мұздың құрылымы тәулік сайын өзгеруі мүмкін. Сондықтан олармен әңгімелер жүргізіп, қауіпті жағдайларды түсіндіреміз.

Рейд барысында көптеген балықшылардың мұз астына түсіп кеткен жағдайда қажетті құралдар, яғни, жіптер, арнайы кеудешелер сияқты құралдардың болмағаны анықталды.

- Сонымен қатар, балықшылардың коронавирус инфекциясы туралы білсе де ешқайсысында қорғаныс маскалары болмағаны алаңдатты, - дейді департаментте. – Оған қоса, жыл сайын балықшылар мен көктемгі мұздың үстінде серуендеуге шыққан азаматтардың да мұздың астына түсіп кету жағдайлары байқалады. Сондықтан балықшыларға, аңшыларға қандай да бір қауіп төнген жағдайда дереу көмекке шақыру керек екендігін ескертеміз.

Құтқарушылар тұрғындарды көктемгі мұзға шықпауға, өз өміріне қауіп төндірмеуге шақырады.

pavlodarnews.kz

Тэги: