Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды. Айта кетерлігі, күні кеше ғана Сарысу ауданында Орталық аудандық аурухананың инфекциялық бөлімшесіне конго-қырым қанды безгегіне шалдығу күдігімен Жайылма ауданының 60 жастағы тұрғыны жатқызылған болатын. Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, өңір басшысы Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен жиын барысында аймақтық қызметтердің конго-қырым қанды безгенінің алдын алуға дайындық мәселесі мен малдар мен аумақтарда кенеге қарсы дәрілеу жайы қаралды. Жамбыл облысы әкімдігі ветеринария басқармасының басшысы Оспан Бердияровтың айтуынша, өңірде 3,9 мың шаршы шақырым аумақ, 21298 аула және 598 мыңнан астам бас мал кенеге қарсы дәріленуі қажет.

Дегенмен кенеге қарсы дәріленген тоғытпаларға малдарды түсіру проблема болып отыр. «Облыстың барлық шаруашылықтарында тоғытпалар болған кезде қой мен ешкі жылына екі рет түсірілетін. Ал қазіргі уақытта облыста не бәрі 125 тоғытпа бар және оның тек 34-і ғана конго-қырым қанды безгегінің табиғи ошақтарында орналасқан. Барлық аудандарға тоғытпалардың үлгілерін жібердік. Аудандардың және шаруашылықтардың басшыларына малдарға арналған тоғытпалар мен себезгілерді жөндеу мен сатып алуға қаражат табуға кеңес бердік», - деді Оспан Бердияров. Ал облыстық қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің жетекшісі Берік Жарқынбековтің айтуынша, өңір тұрғындары арасында конго-қырым қанды безгегіне шалдығу деректері жыл сайын артып келе жатыр.

«Тек соңғы 2 жылда ғана кене шаққаннан кейін медициналық көмекке жүгінген адамдар саны 2,5 есе артты. 2015 жылы 600 адам болса, 2016 жылы 1470-тен астам, ал биылғы жылы қазірдің өзінде 150 адам көмекке жүгінді. Олардың барлығы да медициналық бақылауға алынды, аурудың клиникалық белгілері жоқ», - деді ол. Өз кезегінде облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев көрші елдерден келетін малдарға бақылауды қатаңдатуды тапсырды.

«Әйтеуір біреудің ауыратындығын күтіп отыра берудің қажеті жоқ. Алдын алу жұмыстарын жүргізіп, ауру малдарды алдын ала анықтап, емдеу қажет. Көрші облыстардан және елден әкелінетін малға қатаң бақылау болуы тиіс», - деді өңір басшысы. Жамбыл облысында алғаш рет 1982 жылы тіркелген конго-қырым қанды безгегінің табиғи ошақ аумағы 136 есеге 200-ден 27,1 мың шаршы шақырымға дейін ұлғайған



pavlodarnews.kz