- Елімізде, жалпы әлемде болып жатқан күрделі жағдайлар адам баласына үлкен сын болып отыр, - деп атап өтті Салтанат Шабажанова. - Дегенмен соған қарамастан, мемлекет өз халқына қамқорлықпен қолдау көрсетуде. Сондай ауқымды шараларды қолға алып отырған елдердің бірі Қазақстан Республикасы деп толық айта аламыз. Бүгінгі күні індет жылдам таралып барады. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар шараларды қолға алды. Екі үлкен қала мен облыс орталықтары карантинге жабылды. Себебі, адамдардың қарым-қатынасына шектеу қою бұл ауруды ауыздықтаудың төте және тиімді жолы екенін дәлелдеген.

Мектеп директоры Президент еңбекақыны сақтап, қашықтықтан жұмыс істеуге мүмкіндік жасайтын заңдарды дер кезінде қабылдағанын айтады.

- Ел ішінде дүрбелең тудырмай, қиындыққа ұшыратпай халықты аман-есен алып шығу үшін бірқатар экономикалық әлеуметтік шараларды қолға алды, - дейді ұстаз. - Соның нәтижесінде табысынан айырылған азаматтарға, түрлі әлеуметтік әлжуаз топтарға қолдау көрсетілді. Жеке тұлғалар ғана емес, заңды тұлғалар салықтан босатылды. Бұл - халықтың дағдарыс жағдайынан жеңіл шығуына, қиындыққа төтеп беруіне мүмкіндік беретін тетік.

Білім беру саласының маманы мемлекет тарапынан жасалып отырған қаморлыққа ризашылығын жеткізді.

- Білім беру жүйесінде ауқымды шаралар жүргізілуде, - дейді Салтанат Шабажанова. - Балалар кестеден қалмай оқу жүйесі қашықтықтан оқуға ауысты. Ол үшін мемлекет барлық шараларды қарастырып отыр. Ең алдымен техникалық құралдар, оқу-материалдық база, педагогтарға арналған әдістемелік қолдаулар көрсетіліп жатыр. Білім беру жүйесі 6 сәуір күні басталатын қашықтықтан оқытудың алғашқы сынамаларын жүргізді. Бұл сынамалар сәтті өтуде. Біздің де оқушылар мен ата-аналар жаңа дағдылар мен тәжірибелерді игеруде.

А. Бекжанқызы

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам