«Майдан жолы» іздеу жасағының мүшесі Саят Құсайыновтың сөзінше, өңіріміздің белсенді жастары ERG Еуразиялық топтың бастамасымен қолға алынған «Батылар жолымен» патриоттық жобасы аясында Ресей жерінде екі апта бойы қазба жұмыстарын жүргізген.

- Тарихи дерекке сүйенсек, соғыс кезінде Қазақстаннан аттанған И.В.Панфилов атындағы сегізінші Гвардия дивизиясы Ресейдің Новогород облысына қарасты Старая Русса қаласының аумағында соғысқан. Биылғы қазба жұмысымызды сол Гвардия дивизиясы орналасқан аумақта өткіздік. Нәтижесінде көптеген миналар, оқтар, мылтықтар, пулеметтің бөлшектері, жауынгерлік каскалар және гранаталардың қалдықтары табылды. Сонымен қатар, жер астынан бір жауынгердің сүйегі табылды. Ол қазақстандық дивизия орналасқан жерден табылғандықтан, біздің елге тиесілі деген болжамға келіп, сол жақтағы Давыдов ауылындағы бауырластар зиратына жерлеп кеттік. Ал, табылған тарихи жәдігерлерді өзімізбен алып келдік. Оны Павлодардағы Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейіне, Павлодар география үйіне, Павлодар көлік және коммуникация колледжі мен №24 мектеп мұражайларына тапсырдық, - дейді Саят Құсайынов.

Айта кетейік, «Майдан жолы» іздеу жасағының мүшелері биылғы сапары барысында Кеңес Одағының батыры Төлеген Тоқтаровтың басына орнатылған бюсттің ашылу салтанатына қатысты. Биіктігі екі метрден асатын батырдың бейнесі қоладан құйылса, тұғыры гранит тастан орнатылған. Оған ERG Еуразиялық тобы қаржылай қолдау көрсеткен.

Тілеуберді Сахаба

pavlodarnews.kz