Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақовтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте өңірдің қосымша қауіпсіздік шаралары мен оқушыларды қашықтықтан оқыту дайындығының алғашқы нәтижелері талқыланды.

Полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімов атап өткендей, қосымша шаралардың алғашқы 12 сағатында 450-ге жуық автомобиль қойылған 9 блокбекеттен өткен. Негізінен бұл - транзиттік жүк машиналары.



– Біз ешкімді қайтарған жоқпыз, коронавирус инфекциясының белгілері бар адамдар болған жоқ, – деп хабарлады Нұрлан Мәсімов. – Ең үлкен ағын Шідерті кентіндегі блокбекеті арқылы жүріп жатыр, ең төмен - Баянауыл және Май аудандарында. Блокбекеттер екі ауысымда жұмыс істейді, олардың жұмысы бойынша мәселе жоқ.

Орта есеппен температуралық режимді белгілеуге және блокбекет арқылы өтетін адамдарға сауалнама жүргізу үшін қазір 10 минуттай уақыт кетеді. Павлодар облысы әкімінің айтуынша, қосымша қауіпсіздік шаралары бекеттерде адамдардың кептелуі мен жиналуына себеп болмауы тиіс.



– Егер төтенше жағдай тәртібі енгізілгенге дейін өңірдегі көші – қон ағыны тәулігіне 11 мың адамға жеткен болса, бүгінде аталмыш ағын бірнеше жүз адамға дейін төмендеді, – деп мәлімдеді Әбілқайыр Сқақов. – Блокбекеттердің әрбір қызметкері коронавирус инфекциясының белгілері бар адам анықталған жағдайда қысқа әрекет алгоритмін білуі тиіс. Сонымен қатар, бекеттердің техникалық жабдықталуында мәселелер туындамауы тиіс.

Кездесуде сондай-ақ орта білім беру жүйесінде қашықтықтан білім алу мәселелері талқыланды.

Білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының айтуынша, жеке электронды оқыту құралдары жоқ балалар мектептердің компьютерлік паркі есебінен қамтамасыз етіледі. Басқа да мәселелерді жедел шешу керек. Үш мыңға жуық оқушы үй жағдайында интернетке, ал 2236 отбасы «Балапан» және «Ел Арна» телеарналарына қол жеткізе алмайды.

 

Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам