Бұл туралы Павлодар облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының міндетін атқарушы, бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Ирина Сорокина агенттіктің ресми сауалына жолдаған жауабында мәлім етті.

- Өңірдегі алғашқы кенелер ағымдағы жылдың 12 сәуірінде пайда болды, - дейді Ирина Сорокина. - Кенелер қар еріп кеткеннен кейін, шамамен сәуір – мамыр айларынан бастап «оянады». Ал, мамыр айының соңы мен маусым айында олардың саны арта бастайды. «Павлодар облысы бойынша Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК филиалы аса қауіпті инфекциялар зертханасының зоотобы кенелерді жинау бойынша шараларды тұрақты түрде жүргізеді. Павлодар облысында кенелі энцефалитті қоздыратын ошақтар жоқ, яғни біздің облысымызда мекендейтін кенелер адам өміріне қауіп төндірмейді.

Айта кетейік, кенелер облысымыздың барлық қалалары мен аудандарында кездеседі. Әсіресе, жәндіктердің бұл түрі Павлодар, Ақсу қалаларында, Лебяжі, Шарбақты және Ертіс аудандарындағы жайылымдарында көп шоғырланған.

Думан Асқарбек

pavlodarnews.kz