Ауыз судан тапшылық көріп отырған тұрғындардың жай-күйі туралы ауыл тұрғыны Талғат Әубәкіров агенттік тілшісіне айтып берді.

- Таза су беретін кешенді блок модулінің бұзылғанына екі айдай уақыт болды. Содан бастап кейбір ауылдастарымыз ішетін суды Ертіс өзенінен алады. Өз басым ауылдың бір шетінен екінші шетіне барып, таза су шығатын құдықтан тасымалдаймын. Себебі, жеке құдықтардың барлығынан таза су шықпайды. Мұндай құдықтар біздің өз ауламызда да көршілердің ауласында да бар. Бірақ оның суы ащы болғандықтан, ішу мүмкін емес. Малға беріп, бақша суаруға ғана жарайды, - дейді Талғат Әубәкіров.

Ал, өзінің аты-жөнін жария етуден бас тартқан ауыл тұрғыны ауыз суды өзеннен алудың қаншалықты машақат екенін тілге тиек етті.

-Кей кезде су алатын жерге мал түсіп, не болмаса жоғарғы жақтан балалар қоқыс лақтырып, суды арамдап кететін кездер де болады. Сонымен қатар су тасып, лайланған кезде де мүлдем ішуге жарамай қалады. Ал, қыста мұз қатқан кезде не істейтінімізді білмейміз. Сондықтан жергілікті биліктен таза су алатын КБМ-ді жөндеп берсе деген тілегіміз бар, - дейді ол.

Ауыл әкімі Асқар Сайділдиновтың айтуынша, тұрғындардың барлығының ауласында таза су шығатын құдық бар. КБМ-нің салынғанына 4-5 жылдан асқан. Қыста фильтрі бітіп қалған соң уақытша жауып қойылған. Қазіргі таңда құрылғыны жөндеуді қолға алған аудан орталығындағы «Ақтоғай-Сервис» коммуналдық мекемесі саймандарына тапсырыс берген.

- Бір айдан кейін іске қосамыз. Қазір ауылдастарымыз ауыз суды өз аулаларындағы құдықтан алып отыр. Бірақ Ертістен су тасып ішіп отырған ешкімді көрмедім. Өзен суын тек бақша суаруға ғана пайдаланады. Келер жылы Қожамжар ауылдық округіне орталықтандырылған су құбыры тартылады деп жоспарлануда. Бұған дейін сараптама жасалып, судың құрамы тексерістен өткен. Қазір жобалық-сметалық құжаттарын дайындап жатырмыз, - дейді Асқар Сайділдинов.

Айта кетейік, Қожамжар ауылында 223 үй, 1026 тұрғын бар. Ауылдық округкке қарасты Қайран елді мекенінің тұрғындары да округ орталығы секілді құдықтан ішіп отыр. Мұнда халық саны аз болғандықтан, КБМ салу мәселесі қарастырылмаған. Жамбыл және Қараой ауылдары бір-біріне жақын орналасқандықтан, екі ауылдың арасында бір КБМ жұмыс істейді.

Тілеуберді Сахаба

pavlodarnews.kz