Бұл туралы Baq.kz тілшісі  жазды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) ресми өкілі Гауден Галеаның айтуынша, ішімдік ішу жағынан көш басына биыл Литва елі шыққан. ДДҰ мәліметтеріне сәйкес, 2016 жылы Литваның бір тұрғыны орта есеппен 16 литр спирт ішкен.

«Жаңа мәліметтерге сенсек, бұл Литваның Еуропадағы ең маскүнем, әлемдегі ең ішкіш мемлекет екенін көрсетеді», - дейді Галеа.

Бұл тізімдегі көшбасшылар қатарында тағы қандай елдер барын сарапшы нақтыламады.

ДДҰ ресми сайтына ілінген статистикалық ақпаратқа назар салсақ, Литва 2014 жылы да ішкіш елдер көш басында болған. Сол жылы халық санына шаққанда әр литвалық 15,2 литр спирт ішіп тастаған. Екінші орында Беларусь тұр (13,9 литр). Үздік үштікті Чехия тұйықтаған, жылына 12,7 литр.

2014 жылғы рейтингте Қазақстан жылына 6,3 литр көрсеткішпен 46-орында. Көрші Ресей 21-орында. Қырғызстанда жылына әр қырғыз 3,3 литр ішсе (2011), түркімендер – 2,9 литр (2014), өзбектер 2,8 литр спирттік ішімдік тұтынған. Посткеңестік елдер ішінде ең аз ішетіндер тәжіктер екен – жылына 300 грамм ғана.

Қазақстанға қатысты статистикаға жүгінсек, қазақтар Кеңес үкітемі құлдырап, халық абдырап қалған 1991 жылы ішкілікке қатты салынған екен, жылына 15 жастан жоғары әр жерлесіміз орта есеппен 12,8 литр ішкен. Ал 1996 жылды қазақтар ең аз ішкен жыл десе де болады – жылына 3,1 литр спирт. Соңғы бес жыл ішінде ішімдік ішуден қазақтардың көрсеткіші бірқалыпты деуге болады, 2004 пен 2014 жылдар аралығында әр қазақ басына шаққанда жылына шамамен 6 литр спирттен келеді.

pavlodarnews.kz