Музей директоры Роза Игібаеваның сөзінше, бүгінде музей қорында 50 мыңдай құнды жәдігер сақталған.

- Музей 1992 жылы алғаш ашылған кезде 4 мыңдай жәдігер болған.Кейін екі жыл уақыт ішінде жерлес ақын-жазушыларға тиесілі 2000-нан аса әдеби материал жинақталды. Бұл өте үлкен көрсеткіш. Қазіргі таңда Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Жүсіпбек Аймауытов, Қошмұхамбет Кемеңгер, Жаяу Мұса, Майра Шамсутдинова, Жұмат Шанин, Шәкен Айманов, Естай Беркімбаев, Иса Байзақов секілді тағы да басқа қазақтың өнер, мәдениет және ғылым қайраткерлерінің қолжазбалары, кітаптары және жеке заттары бізде ғана сақталған. Осы экспонаттарды жинақтап, оны халыққа насихаттау жолында музей қызметкерлерінің еңбегі өлшеусіз. Сондықтан барша әріптестерімді осынау мерейтоймен құттықтап, шығармашылық табыс тілеймін, - деді Роза Игібаева.

Музей басшысының айтуынша, мұнда қызметкерлердің ұйымдастыруымен  жылына 500-ден астам тарихи-танымдық іс-шара ұйымдастырылып, музей қорындағы жәдігерлерді 30 мыңдай адам тамашалайды.

- Осы уақытқа дейін көптеген аймақтар мен қалаларды және Павлодар облысына қарасты ауылдарды аралап, көшпелі көрме өткіздік. Бүгінгі таңда өңірге белгілі Таңдай Кенеевті ұрпаққа таныту үшін әдебиетші-ғалымға тиесілі құнды заттар мен қолжазбаларын, кітаптарын жинастырудамыз. Сонымен қатар Павлодар облысында тұратын Қазақстан Жазушылар одағы мүшелерінің туындыларын музей төріне қойып жатырмыз, - дейді директор.

Шара барысында Мейрамғали Есмұханов, Әлия Саматова және Елена Сорокина секілді музей қызметкерлеріне облыс әкімінің Құрмет грамотасы табыс етілді. Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы, облыстық мәдениет, құжаттама және архивтер басқармасы және Естай атындағы қалалық мәдениет сарайының өкілдері де музей ұжымын мерейлі 25 жылдығымен құттықтады.

Тілеуберді Сахаба

pavlodarnews.kz