Аудан орталығындағы жұмыс барысымен Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов танысып қайтты.

Баянауыл аудынының әкімі Оразгелді Қайыргельдинов атап өткендей, жаяужолдар кеңейтіліп, бес мың шаршы метр тас төсеуіш (брусчатка) салынады. Ал, көшелерге 500-дей жаңа шам орнатылады. Сондай-ақ Баянауылға кіреберістегі стелланы жөндеу жұмыстары басталып кетті.

- Көріктендіруге қатысты атқарылатын жұмыстардың барлығын біздің сәулетшілермен бірлесе шешу керек. Жұмыстардың уақытылы әрі сапалы жасалуын қатаң бақылауда ұстау қажет, - деді Болат Бақауов.

Сонымен қатар аймақ басшысы су құбырының жұмысымен танысты. Бүгінгі таңда «КазСтройСервис-7» мердігер ұйымы 600 метр құбырды салған.

- Баянауылға дейін 1,8 шақырым магистралды тарту қалды. Бұл жұмыстар бір айдан соң аяқталады, - деді компанияның учаскедегі басшысы Сағадат Тұрсынбаев.

Мердігерлердің сөзіне сүйенсек, маусым айында ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ететін ұңғыма салынады. Жоба жоспарына сәйкес су құбырын салу жұмыстары 2019 жылдың желтоқсанында аяқталады.

Думан Асқарбек
Сурет Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды

pavlodarnews.kz