Бұл туралы ҚазАқпарат  хабарлайды. Шараның мақсаты Алаш қайраткерлерінің өмірі мен қызметін ұлықтау, ұлт-азаттық жолындағы қозғалыстың мәні мен маңызын көрсету, Алаш арыстарының еңбегін насихаттау және мәңгілікке қалдыру. Алаш қозғалысы отарлық билік жүйесіне қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалыс екені белгілі. Алаш қайраткерлерінің басты мақсаты - тәуелсіз Қазақ мемлекетін құру. Қозғалыс көшбасшыларының алдында қазақтарды отарлықтан босату және әлемдік ең өркениетті елдердің қауымдастығына кіру деген мақсаттар қойылған.

«Алаш» қозғалысының мақсат-мүдделері бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның саяси-әлеуметтік және рухани-мәдени даму бағдарларына толық сәйкес келеді. Б. Мүрсәлімнің «Алашорда» фотоальбомында Алаш арыстарының өмірі мен қызметі фотодеректер арқылы көрсетілсе, Т.Жұртбайдың «Движение Алаш» атты 3 томдық жинағы архивтегі құпия құжаттар мен сот материалдары негізінде құрастырылған.

Таныстырылым барысында «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Қарин, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы Намазәлі Омашев сөз сөйлейді. Шараға әлеуметтік маңызы бар жобаға қаржылық қолдау көрсеткен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ өкілдері және «Ел-Шежіре», «Дегдар» қоғамдық келісімді қолдау қоғамдық қорының қызметкерлері, отандық және шетелдік ғалымдар, зиялы қауым, ЖОО оқытушылары мен студенттер, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысады.

Айта кетерлігі, жинақтарды «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қаржылық қолдауымен «Ел-Шежіре» қайырымдылық қоры шығарған.



pavlodarnews.kz