Павлодар қаласы әкімі аппараты жетекшісінің м.а. Сержан Қалиақпаровтың айтуынша, аталмыш қосымша арқылы қала тұрғындары уәкілетті органдарға түрлі құқық бұзушылықтар мен тұрмыстық мәселелер туралы хабарлай алады.

Жоба облыстық прокуратураның бастамасымен және облыстық әкімдіктің тапсырмасы бойынша әзірленген. Жоғары ақпараттық технологияларды қолдану арқылы арнайы жұмыс тобы құрылып, оның құрамына облыстық прокуратура, қала және облыс әкімдігі, ТЖД, жергілікті полиция қызметі, статистика және тізім басқармасы комитетінің өкілдері кірген.

Наурыз айынан бастап тест режімінде жұмыс істейтін жеке кабинетке облыстық прокуратура, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, мемлекеттік мекемелер, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, тұрғын үй инспекциясы қосылған. 4-мамыр күні жобалаушылар Әділет министрлігінен авторлық құқық туралы қол қойылған тіркеу куәлігін алған.

- Әдетте, құқық бұзушылық туралы хабарлаған адам өзі туралы мәлімет беруі керек. Нәтижесінде ол өзі де сол процеске тартылады. Сондықтан тұрғындар көбінесе мұндай жайттардан аулақ болуды жөн санап, тыс қалып жатады.

Сараптама қортындысы көрсеткендей, қоғамда болып жатқан жағдайлар көбінесе 50-ден асқан жандарды толғандырып, оның шешімін табуға белсенді қатысады. Ал, түрлі әлеуметтік желілерді пайдаланатын жастар немқұрайлы көзқарас танытады. Әзірге қараша айында қолға алынған қосымшаға жеті мемлекеттік орган енгізілген. Бұл - жергілікті полиция қызметі, жемқорлыққа қарсы қызмет, медициналық қызмет көрсету сапасын бақылау департаменті, денсаулық сақтау басқармасы, ТҮКШ бөлімі, тұрғын үй инспекциясы. Алайда болашақта бұл тізім кеңейе түседі, - дейді Павлодар облыстық прокуратурасы 4-ші бөлімнің басшысы Ренат Рахметолла.

«Zero Tolerance» мобильді қосымшасын жасаушы Вячеслав Демченконың сөзіне сүйенсек, андроид бағдарламасындағы кез келген ұялы телефон арқылы құқық бұзушылық туралы жасырын түрде және тегін суреттер мен видео жолдап, пікір жазып жіберуге болады. Маусым, шілде айларында аталмыш қосымша жетілдіре түседі.

- Бір жарым айдың ішінде барлығы 140 шағым түсіп, 116-сы шешімін тапты. Оның ішінде басым бөлігі ішкі істер департаменті мен ТҮКШ бөліміне қатысты болса, ТЖД мен денсаулық сақтау басқармасына қатысты бірен-саран шағым түскен, - дейді Вячеслав Демченко.

Айта кетерлігі, онлайн режимінде бақылау жүргізуге мүмкіндік беретін «Zero Tolerance» мобильді қосымшасы әлем бойынша Германия елінде қолданылады.

Ақбота Сейсенбаева

Суреттер өңірлік коммуникациялар қызметінен алынды

pavlodarnews.kz