Онымен қоймай, банк менеджері Қостанай қаласының тұрғыны Болат Бегалиннің 3 млн-нан астам қаражатын иемденіп алыпты. Сөйтіп, оның 2 кредитін толық жабуға төлеген ақшасы өз мақсатына жұмсалмағандықтан, тұтынушыны банк қара тізімге кіргізіп те үлгеріпті. Оған себеп тұтынушының банкке берешегі 148 күнде 2 есе өскен, деп хабарлайды Baq.kz тілшсі.

Қостанайлық Болат Бегалин - 2006 жылдан бері «АТФ Банктің» тұрақты тұтынушысының бірі. 2011 жылы ол үй салу үшін осы банктен кредит алады. Осылайша, оған төрт кредиттік желі рәсімделді. Болат кредитін алған күннен бастап ай сайын көрсетілген мерзімде қарызын өтеп тұрған. Осы жылдар аралығында оған банктің менеджері Марат Корғанбеков есімді маман қызмет көрсетіп келіпті. 2016 жылы шілде айында қолына қомақты ақша түскен Болат Бегалин банктегі берешегінің бір желісін толық жауып тастауды ұйғарады. Ол бұл жөнінде өзіне бекітілген жеке менеджерін алдын ала хабардар етеді. Ал, банк менеджері болса Бегалинге қатысты құжаттарды дайындап, арызын жаздырып қолын қойғызып алады. Осы арада менеджер Марат Корғанбековтің қолына 1 млн 780 мың теңгесін санап береді.

«Ол маған ақшаны беруге өзі ұсыныс жасады. Кассада кезек көп, маған берсеңіз өзім барып тез төлеп беремін деп елпілдеп тұрды. Мен болсам банк менеджері болған соң оған күмәнсіз сендім. Біз тіптен кассаға дейін бірге бардық. Ол кассадан шығып, төлем түбіртегін қолыма ұстатты», – дейді банкте алданып қалған Болат Бегалин.

Осыдан кейін араға аздаған уақыт салып Болат тамыз айында банктегі кредитінің тағы бір желісін жабуға 980 мыңнан астам теңгемен келеді. Алдындағы жағдай қайта қайталанады.

«Расын айтсам, бұл банктен несие алғаныма өте риза болдым. Барлық жұмысымда өзіме бекітілген менеджер тындырып қояды. Сарылып кезек те күтпеймін. Тұтынушысына құрметпен қарайтын», – деп күрсінеді Болат.

2017 жылдың ақпан айында тағы бір несие алмақ болып, «Сбербанкке» хабарласқан Бегалиндер отбасы тың ақпаратты естіп, өз құлақтарына өздері сенбейді. Олардың «АТФ Банкте» өтелмеген қарызы барын естігенде ерлі-зайыптылар естерінен тана жаздайды.

«Сол арада «АТФ Банк» менеджері Марат Қорғанбековке қоңырау шалдық. Бізді ол сабырға шақырып, байбалам салудың қажеті жоқтығын алға тартты. Бұл банк тарапынан бір түсінбестік болған шығар деді. Сол кезде біздің жиналған қарызымызға 90 күн болыпты», – дейді жары Сәуле Бегалина.

Осы жылы наурыздағы мерекелерден кейін олар қайтадан «Сбербанкке» барып кредит алуға өтініш бермек болады. Сол арада өздерінің алған кредитін төлемей жалтарып жүргендердің қатарына қосылып, қара тізімге ілініп кеткендерін біледі. Тосын хабарды естігенде төбелерінен жай түскендей болады. Тіптен, денсаулықтары сыр беріп, жедел жәрдемнің көмегіне жүгініпті.

Ертеңінде «АТФ Банкке» барып бұл жағдайды түсіндіруді талап еткенде барлық былықтың беті ашылыпты. Отағасы Болатқа аса ізеттілікпен қызмет көрсетіп келген банк мендежері Марат Корғанбеков тұтынушының сеніміне кіріп, қомақты қаражатты өз кәдесіне жаратып отырыпты. Осындан кейін банкте арнайы қызметтік тексеру жүргізілгенде жоғарыда аталған банк қызметкері Болаттың қолына берген түбіртектерді алдын ала қолдан жасап қойып, кассадан алып берген болып жүрген. Ал, тұтынушының көзінше кассаға кіргенде мүлдем басқа шаруаларды орындапты.

«Біз бұған дейін менеджер болған Марат Қорғанбековты мекеменің атына кір келтіргені үшін жұмыстан қудық. Тұтынушының кредиттерін жабуға берген ақшаларын ол өзінің жеке бас пайдасына жаратып отырған. Қазіргі таңда біздің бұрынғы қызметкеріміздің кесірінен зардап шеккен Болат Бегалиннің банк алдындағы берешегі мен өсіп кеткен пайыздары толығымен жойылды. Сондықтан, олардың біздің банк алдында берешектері жоқ», – дейді «АТФ Банктің» Қостанай облысындағы филиалының директоры Елена Трохименко.

Осылайша қарызын мерзімінен бұрын өтесе де, борышкерлердің қатарына қосылып кеткен Болат Бегалиннің кредит тарихы «АТФ Банктің» өтініші бойынша 6 мамырда қайта қалпына келтіріліп, қара тізімнен алыныпты. Бұл хабарды зардап шеккен отбасы бізден естіп бір қуанып қалды.

 

pavlodarnews.kz