«KazRobotics» қазақстандық білім беру және спорттық робот техникасы федерациясы Павлодар облыстық филиалының директоры Наталия Титованың айтуынша, екі күндік фестивальге 50 командаға бөлінген 160-тан астам жас өнертапқыш қатысуда.

- Павлодар, Ақсу мен Екібастұз қалалары мен Май, Успен, Баянауыл аудандарының оқушылары өз жұмыстарын ұсынуда, - дейді Наталия Титова. – Бүгін облыстық кезеңде өнертапқыштардың роботтары белгілі бір қашықтыққа жарысып, кегельринг пен робосумо бойынша сыналады. Ал, 19-мамыр күні қиындатылған категория бойынша сайысқа түседі. Бұл - қашықтықты бөгеттермен жүріп өту және робосумо шағын және кегельринг квадро. Сондай-ақ ертең робот техникасы бойынша жобалар сайысы мен облысымызда тұңғыш рет 3D-модельдеу олимпиадасы өтеді. Фестиваль соңында республикалық чемпионатта өнер көрсететін Павлодар облысының командасы жасақталады.

Айта кетейік, республикалық фестиваль қыркүйек айында Ақтөбеде өтеді. Былтыр Астана қаласында өткен чемпионатта робот техникасы бойынша жоба сайсында Павлодар облысы бірінші орын иеленіп, әртүрлі категориялар бойынша екінші, үшінші орындарды қанжығасына байлаған.

- Біз LEGO MINDSTORMS EV3 роботын жеті күн ішінде сыныптасым Айбат Смайылханов екеуіміз дайындап шықтық. Мұнда екі моторы мен түрлі модульдері бар компьютер орналастырылған. Сондай-ақ, арнайы дөңгелектері оның жылдамдығын арттырады. Яғни, біздің робот күшті әрі жылдам, - дейді Ы. Алтынсари атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатының 10-сынып оқушысы Әділ Есеев.

Облыстық білім беру басқармасының ақпаратына сүйенсек, бүгінгі таңда 56 мектепте робот техникасы курсы енгізілген. Жыл соңына дейін 89 мектепке арнайы сынып құрал-жабдықтары сатып алынады.

Абзал Қабдраш
Суреттерді түсірген - автор

pavlodarnews.kz