Бұл туралы облыстық жер қатынастар басқармасының басшысы Руслан Дәуітбаев бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистерге берген сұхбатында айтты.

- Бұдан кейін Павлодар облысында жер учаскелері ғарыштан бақыланады. Яғни, жерді қашықтықтан (зондтау жүйесі) жер бетін әртүрлі түсіруші құрал-жабдықтармен жабдықталған әуелік және ғарыштық құрылғылармен бақылау іске асырылды. «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» компаниясының өкілдері жерді әуеден суретке түсіріп, әр ай сайын бізге жолдап отырады. Бұрынғы жолданған суреттермен салыстыра отырып, жер телімдері қалай пайдаланылып жатқанын бақылап отырамыз. Бұл жерді заңсыз иеленудің және мақсатсыз пайдалаудың алдын алатын тиімді жүйе болды, - дейді Руслан Дәуітбаев.

Жер учаскелерін мақсатсыз пайдаланудың алдын алу жұмыстарының нәтижесінде былтыр заңсыз қолданысқа өткен 79 мың гектар мемлекет иелігіне қайтарылған. Сонымен қатар 179 жер иеленушіге 18 млн теңге көлемінде, биыл сегіз адамға 4,4 млн теңге айыппұл салынған. Сонымен қатар жалпы көлемі 167 мың гектар болатын 200 жер учаскесі қайтарылған.

2016 жылы Павлодар облысындағы суармалы жердің жалпы көлемі 72,2 мың гектар болған. Оның 45,9 мың гектары ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге тиесілі болса, 24 мың гектар алқап қорда тұр. Бүгінде осы суармалы егіншілікке иегірілуі тиіс жердің 4 мың гектары мақсатты түрде пайдаланылмай отыр.

Тілеуберді Сахаба

pavlodarnews.kz