Павлодар қалалық білім беру бөлімі басшысының орынбасары Қуаныш Қыдыралин 1 сәуір күні еліміз бойынша онлайн сабақтар тәжірибеден өткізілгенін атап өтті.

-    Оған оқушыларымыздың 95 пайызы қатысты, - деді Қуаныш Қыдыралин. – Көбі жақсы пікір қалдыруда. Оқушылар үшін бұл – жаңа формат. Ал, 2 сәуірде ата-аналар жиыны өтіп, 90 пайызы қатысты. Біз көп көтерілген үш мәселені өзімізге белгілеп алдық. Ол – оқушылармен сапалы кері байланыс орнату, материалды оқушының түсінуі, балалардың компьютер алдында отыру ұзақтылығы. Айта кету керек, физика, математика, қазақ тілі пәндері сияқты негізгі сабақтар 30 минут жалғасатын болады. Дене шынықтыру, алғашқы әскери дайындық, өзін-өзі тану сияқты оңайлары 15 минут болады. Дене шынықтыру бойынша шығармашылық топ видео контенттер дайындауда. Мұғалімдер соны таңдай алады немесе байланысқа шығып өзі өткізе алады. Мысалы, жаттығулар жасатуы мүмкін.

Қуаныш Қыдыралиннің айтуынша, онлайн сабақтар күнде бола бермейді. Оқушы өзі оқып, меңгере алатын тақырып болса, мұғаліммен кері байланыс орнату арқылы оған қажетті материалдар жіберуге болады.



Сонымен қатар, онлайн сабақтар өткізу үшін шаһардағы ұстаздардың 90 пайызы Zoom.us платформасын қолданатын болады.

-    Қашықтықтан оқыту кезінде негізгі 3 контент пайдаланылады, - деді Қуаныш Қыдыралин. – Сабақтар жүргізілетін негізгі контент – телеарналар. Кері байланыс орнату үшін – kundelik.kz, материалдарды жүктеу үшін – bilimland.kz қолданылады. Мұғалімдер қосымша ресурстарды да қолдануға құқылы. Оған daryn.online, sabak.kz және басқа да ресуртар ұсынылды. Қазақ тілді мектептер бұрыннан daryn.online платформасын қолданып жүр. Ал, онлайн сабақтар Zoom.us арқылы өтеді. Сондай-ақ Skype-ты қолдануға да рұқсат. Мұғалім өзі қолайлы платформаны таңдайды.

Оған қоса, Қуаныш Қыдыралин онлайн сабақ кезіндегі киім үлгісіне де тоқталып өтті.

-    Киім үлгісіне келетін болсақ, оқушы таза киінсе болды, - деді Қуаныш Қыдыралин. – Бантик тағып, мектеп формасын кию міндет емес. Үй жағдайы балаға ыңғайлы болу керек. Формада отыру ыңғайсыздық тудыруы мүмкін. Ал, ұстаздардың киімінде толық емес болса да жұмыс стилінің белгілері болу керек.

Оразбек Саяхат
Фото: Ольга Бугаева және Светлана Воронова

pavlodarnews.kz

Тэги: covidk