«Инновациялық экономиканы дамыту алғыр жастардың қолында. Осы ретте олардың кремний саласына қатысты ақпараттық технологияны да білгендері артық болмайды», – деген шетелдік бірқатар кеңесімен бөлісті.

Филантроп Камран Элахиан өз кәсібінің көзін тауып, табысты бизнесмен, танымал инвестор атанды. Ол кремний жазығында жоғары технологиялық онға жуық компания құрды. Ол өз болашағы үшін алаңдамайды, бірақ кәсіпкер мұнымен тоқтап қалмақ емес. «Осындай биікке өзгелер де жетсе екен», – дейді. Сондықтан үнемі өз білгенімен бөлісіп отырады.

Камран Элахиан, инвестор:
- Мен соңғы 4 жылда Қазақстанға жыл сайын барып тұрдым. Шынымды айтсам, қазақ елі маған қатты ұнайды. Әсіресе табиғаты тамаша. Тағы бір таңқалдырғаны, жастардың оқуға деген құштарлығы. Мұнда ақылды, дарынды қыз-жігіттер өте көп. Назарбаев Университетінде, Қазақ-Британ техникалық университетінде оқып жатқан студенттермен, бизнесмендермен таныстым. Бәрінің де инновациялық экономиканы дамытуға арналған жоспарлары бар.

Камран Элахиан инновацияны дамытуға қосқан үлесі үшін халықаралық дәрежедегі наградалармен марапатталған. Ол БҰҰ-мен де қоян-қолтық жұмыс істейді. Сонымен қатар, «Дамушы елдердің ақпараттық-технологиялық коммуникациясы» форумының төрағасы.

Оның өмірлік ұстанымы – жастарға қолдау көрсетіп, табысқа жетелеу. Осы мақсатта Сан-Францискода кремний жазығының инвесторлары мен кәсіпкерлеріне арнап орталық ашты. Мұнда келушілер тәжірибелерін ортаға салып, жас кәсіпкерлерге көмек береді, деп жазды 24.kz.

pavlodarnews.kz