Былтырғы жылдың соңында облыс әкімі Болат Бақауов Баянауыл ауданына жұмыс сапарымен барған кезде жергілікті билік Майқайың кентіндегі үш жылдан бері бос тұрған ескі мектепті қайта қалпына келтіруді ұсынып, қаражат сұраған болатын. Нәтижесінде қажетті қаражат уақытында бөлініп, үш айдың ішінде жөндеуден өткен алып ғимарат кенттегі балалар өнер мектебіне берілді.

Жас өнерпаздардың жаңа қонысымен өңірге жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Болат Бақаув танысты. Аймақ басшысы күйсандық, домбыра, вокал және би сыныптарына кіріп, құрал-жабдықтарын көрді.

Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі меңгерушісі Әлия Батталованың сөзінше, мұнда 168 бала тәрбиеленеді.

- Майқайың балалар өнер мектебінің Шөптікөл, Бірлік және Сұлужон секілді үш ауылда бөлімшесі бар. Сонымен қатар, Үшқұлын ауылында 25 балаға арналған тағы бір бөлімше ашуды жоспарлап отырмыз, - дейді Әлия Батталова.

Майқайың кентінде қолға алынған ірі жобалардың бірі – 110 орынға арналған балабақша құрылысы. Жалпы сомасы 217 миллион теңге тұратын білім мекемесінің құрылысын «Б-АДК» ЖШС жүргізуде.

- 10 мыңдай адам тұратын Майқайың кентін дамыту үшін инвестиция тартамыз. Мұндағы жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесін шешу керек. Сонымен қатар бұқаралық спортты дамыту және қылмыспен күрес секілді жұмыстарды мықтап қолға алу керек, - деді Болат Бақауов.

Баянауыл ауданына барған жұмыс сапарында аймақ басшысы Баянауыл, Торайғыр, Бірлік, Шөптікөл және ЦЭС ауылдарын да аралады.

Талғат Төре

Суретке түсірген - Валерия Бугаев

pavlodarnews.kz