Халықаралық кастинг маусым айында басталады: іріктелген 14 үміткер ең үздік әнші деген атаққа таласады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Кастинг тек қана еліміздің аймақтарында ғана өтпейді. Қазақстан алғаш рет Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Ресейден, Украинадан келген қатысушыларды қабылдайды. Шоуға сондай-ақ ҚХР-дан келген әртістер де қатысады.

"I’m a Singer форматы Got Talent, X Factor, The Voice сияқты жанрлық жағынан ұқсас жобалардан айтарлықтай өзгеше, - деп жазды өзінің Фейсбуктегі парақшасына 31 арнаның Бас директоры Бағдат Қожахметов.

- Оған тек қана кәсіби музыканттар, болмаса төлтума таланттар ғана қатыса алады. Оркестрдің немесе кәсіби джаз-бэндтің сүйемелдеуімен әлемдік эстраданың әртүрлі жанрдағы суперхиттері ғана орындалады. Ал ең бастысы, жоба қатысушыларын сұрыптау механизмі мүлде басқаша әдіспен жүреді: әншілерге студиядағы көрермендер дауыс береді, одан соң ең мықты деген жеті қатысушы іріктеліп, барлығы финалға дейін ән салады да, соңында солардың үшеуі ғана жеңімпаз атанады. Мұндай әдіс телекөрермендерді көптеп тартуға көмектеседі. Сондай-ақ көрермен шоудың финалында өзіне ұнаған әншіні айна-қатесіз анықтауға мүмкіндік алады.

Еске салайық, I’m a Singer жобасының қытайлық нұсқасының соңғы маусымында қазақстандық әнші Димаш Құдайбергенов әлемдік деңгейдегі жұлдыз атанған еді. Оның тума таланты, ерекше жоғары, бірегей дауыс диапазоны, сонымен бірге күтпеген жерден таңдалған репертуарды сәтті орындауы бәсекелестерін басып озуға ғана емес, әлемдік шоу-бизнес сахнасының жарық жұлдызына айналуына көп ықпал етті. Димаштың жанкүйерлері ғана емес, біздің сарапшылар да музыкалық сериалитидің нағыз жеңімпазы қазақстандық орындаушының болғанын мойындап отыр.

Алайда шоу продюсерлері Димаш Құдайберген I’m a Singer жобасының қазақстандық нұсқасына қатыса ма және қандай форматта болады деген сұраққа жауап беруден әзірше бас тартты.

"Біз әзірше бар құпияны жайып сала алмаймыз, - деп, Қазақстандағы нұсқаның басталуы жайында өз пікірін білдірді 31 арнаның бас продюсері Нұржан Мұхамеджанова. - Дегенмен, I’m a Singer байқауы биылғы жылы Қазақстанның ең басты телевизиялық құбылысы ғана емес, сондай-ақ бүкіл Орта Азия аймағының ең басты жаңалығы болатынына сенімдімін. Бұл ең таңдаулы, ең талантты, кәсіби деңгейі ең жоғары, ерекше дарынды, біртума, ең батыл деген орындаушылардың шайқасы... Біздің елде таланттар көп. Осы жоба арқылы біз соны дәлелдемекпіз.

Шоудың жарығы, дыбысы, декорациясы сияқты кәсіби параметрлеріне қойылатын талаптарды айтпағанның өзінде, осы бір телевизиялық құдіретті дүниеге әкелуге ең мықты ресурстар мен күш жұмылдырылды".
Жеңімпаздың басты сыйлығы - шоудың ғаламдық нұсқасына қатысуға жолдама: талантты жеңімпаз Димаштың жетістігін қайталап, Қытайды ғана емес, бүкіл әлемді аузына қаратуға мүмкіндік алады.
I’m a Singer байқауы 31 арнада қыркүйек айында басталады. Екі сағаттық талант-шоу сенбі және жексенбі күндері праймтаймда тікелей эфирден беріледі. 31 арна байқаудың нақты күні мен тайм-слотын жақын күндері хабарлауға уәде береді.

pavlodarnews.kz