Бұл туралы колледж директоры Шақарбай Тәженов агенттік тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.

- Мұндай мамандықтар Павлодарда бұрын-соңды оқытылған жоқ. Биылдан бастап біздің колледжде ғана ашылды. Сондықтан талапкерлер көптеп келеді деген сенімдеміз. Себебі бұл екі салаға да қоғамда сұраныс көп. Мәселен, біздің өңірдегі зауыттар энергия аудит саласы бойынша жұмыс істейтін мамандарды Ресейден шақыртады. Аталған екі мамандық бойынша 9-11 сыныптың түлектерінен 50 бала қабылдауды жоспарлап отырмыз. 9-сынып бітіргендер емтиханды қазақ тілі және математика пәні бойынша тапсырса, 11-сынып бітіргендер қазақ тілі, Қазақстан тарихы және математика бойынша үш сынақтан өтеді, - дейді Шалқарбай Тәженов.

Колледж директорының сөзінше, энергия аудит мамандығын меңгерген жастар еліміздегі үлкен энергия станцияларына, өндірістік кәсіпорындарына және аудит жүргізетін басқа да мемлекеттік мекемелерге ауадай қажет. Ал, жол қозғалысын ұйымдастыру мамандығын меңгергендер жол полициясы мекемелері мен «Қазақстан теміржолы» бөлімшелерінде жұмыс істеуге болады.

- Сондықтан жұмыс табылмай қалады деген қорқыныш болмауы керек. Біз жыл сайын оқу мезгілі аяқталар кезде өз түлектерімізге қай жерде қандай бос орындар барын ұсынамыз. Бірақ оған бару-бармау өз еркінде. Жалпы, Инновациялық Еуразиялық университеті колледжінде бүгінде 2000-дай бала оқиды. Жылына 500-дей түлектің қолына диплом беріп, шығарып саламыз, - дейді колледж директоры.

Айта кетейік, мұнда 9-сыныптан кейін түскендер үш жыл 10 ай оқыса, 11-сынып бітіріп түскендер екі жыл он ай білім алады. Құжаттарды қабалдау ағымдағы жылдың 20 маусым-20 тамыз аралығына дейін жалғасады.

Тілеуберді Сахаба

pavlodarnews.kz