Айтулы мерекеге алғаш рет  «Қымызмұрындық» фольклорлы-этнографиялық мерекесінің  авторы,  мәдениет саласының еңбек сіңірген қызметкері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі  Әприза Құсайынова арнайы қонақ ретінде шақырылды.

-  Қымызмұрындық алғаш рет 1992 жылы  (бұрынғы Целиноград) қазіргі Ақмола қаласында алаңда өткізіліп, 30 шақты киіз үй  тігілген болатын, - дейді   Әприза Құсайынова. - Оны этнограф Мұрат Керебай зерттеген. Осымен 25 жылдың ішінде танымалдығы артып, бүгінде қымыз қазақтың бренді болып  келеді. Бұдан әрі қарай сусынды насихаттау жұмысын күшейту керек. Балабақшалар мен мектептерде, ауруханаларда балалар қымыз ішуі тиіс. Себебі, бұл - туберкулез дертін емдейтін жалғыз сусын. Соңғы кездері елімізде өтіп жатқан тойларда алкогольдің аз тұтынатындығы қатты қуантады. Оның орнына өзіміздің ұлттық шипалы сусын қойылады. Бүгінгі шараға орай өзіміздің жергілікті кәсіпкерлер Жаңаарқаның қымызын әкеліп отыр. Бұл мерекеге көбірек шаруа қожалықтарын тартып, Наурыз мейрамы сияқты мәртебеге иеленсе екен деген арман бар.  

«Сағып» шаруа қожалығы мерекеге арнап саудаға бір тоннадан астам қымыз бен құрт әкелген. 

  «Нұр ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Максилованың айтуынша, өңірде 1999 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Қымызмұрындық мерекесі биыл «ЭКСПО-2017» көрмесіне орай халықаралық  деңгейде  ұйымдастырылып отыр. Оған Ресей, Қырғызстан елдері мен Алматы, Қарағанды, Ақмола облыстарынан арнайы делегация қатысуда.

-  Басты мақсатымыз – өзара достығымызды нығайту. Қымыз тек тағам ғана емес, сонымен қатар халықтың қасиетін, дәулетін, салтанатын, байлығын, мырзалығын, дастархан берекесін білдіретін ырыс белгісі. Бүгін барлығы 14 киіз үй тігіліп, әрқайсысында 100 литрдей қымыз тегін таратылып жатыр, - дейді Бақытжамал Максилова.

Айта кетерлігі,  Лебяжі, Качир, Ертіс аудандары мен Ақсу қаласы өздерінің киіз үйлерін тігіп, жұртшылық назарына жергілікті қолөнершілердің жұмыстары ұсынылды. 

Ақбота Сейсенбаева

Суреттерді түсірген - автор

pavlodarnews.kz