Ұйымдастырушылардың ақпаратына сүйенсек, мұнда Қазақстанның әртүрлі облысы мен Ресей Федерациясының шекаралас өңірлерінен келген жастардың саны басым. Оның ішінде Павлодарға шетелден оқуға келген студенттер бар.

-  Халықаралық форум алаңында биыл осымен жетінші рет қатысушылар жиналуда, - дейді Павлодар облысы ҚХА жастар бірлестігі үйлестіру кеңесінің төрайымы Элина Паули. – Бүгінгі форум жастар дипломатиясына, этникааралық және этномәдени келісімге, тұрақтылыққа байланысты. Сонымен қатар бизнестің дамуы мәселесі қамтылады. Биылғы жылы бізге былтыр форум кубогін табыс еткен  С. Торайғыров атындағы ПМУ қосылды. Қатысушылар шараны жастар алаңы ретінде ұйымдастыруды ұсынды. Бұл идея бізге ұнап, оны жүзеге асыруды жөн көрдік.

  Пленарлық отырыс ПМУ, Достық үйі және жастарға қызмет көрсету орталығындағы үш алаңда өтеді. Университетте павлодарлық жастардың  бизнес-стартап жобалары ұсынылған көрмеде студенттер мен жас кәсіпкерлер өздерінің бүгінде табыс тауып отырған инновациялық идеяларын таныстырды. Өз тәжірибелерімен бөлісуге Мәскеуден Плеханов атындағы бизнес-инкубатор институтының директоры Руслан Мамедов, Израиль бизнес-инкубаторының жетекшісі, Тель-Авив унивреситеті кәсіпкерлік орталығының директоры Елена Донец және РФ медаторлар қауымдастығының мүшесі Олег Иванов келді.

 Томирис Бекжан

Суретті түсірген - Светлана Воронова  

 

 

pavlodarnews.kz