Серіктестік директоры  Айгүл Өмірбекованың негізгі мамандығы - қаржыгер. Он жылдан астам уақыт банкте істеген ол 2014 жылы тігін фабрикасын ашып, жеке кәсібін бастаған.  Бүгінде тігін цехын  кеңейткен кәсіпкер жастық, матрас,  тойбастар, қоржын, ақ жол және ересек адамдар мен балаларға арналған ұлттық киімдерге тапсырыс алуда.

- Біздің өнім Екібастұзда ғана емес, Павлодардағы қонақүйлер мен ауруханаларда да жоғары сұранысқа ие. Тынбай еңбек етудің арқасында бірқатар мекемемен келісімшарт жасадық. Қазіргі таңда Павлодардағы «Алтын Орда», «Алтын Отау, «Двин» «Сарыарқа» қонақүйлерінен және «Данель» перзентханасы мен Ысқақов емханасынан тапсырыс қабылдаймыз. Сондай-ақ Екібастұздағы бірнеше колледж бен балабақшаның тапсырысын орындаймыз. Жалпы, айына 200-300  төсек-орын жабдығын тігуге тура келеді. Біздің өнімнің бағасы да қолжетімді. Көтерме бағасы - 2500 теңге болса, бөлшектеп сату құны - 3900 теңге. Ал, атластан тігілген көрпе-жастықты 7800 теңгеден сатудамыз. Кәсіпорынның айлық табысы 600 мың теңгеден 1 миллионға дейін жетеді, - дейді Айгүл Өмірбекова.

Кәсіпкердің сөзінше, тапсырыс берушілер уақыт өткен сайын артып келеді. Дегенмен  бір ғана тігін цехымен оның барлығын қамту мүмкін емес. Сондықтан ағымдағы жылдың тамыз айында екінші цехты  іске қосу жоспарланып отыр. Бүгінде мұнда үш жұмысшы бар. Оның екеуі тігінші болса,  енді біреуі сынақ мерзімінен өтуде. Екінші цех ашылғаннан  кейін қосымша тігіншілер  қабылданады.

Тілеуберді Сахаба

Суретті түсірген - Дархан Өмірзақов

pavlodarnews.kz