Меймандар әлеуметтік-тұрмыстық бейімдеу, дефектология, психология, логопед кабинеттері және Монтессори бөлмесі, емдік дене шынықтыру залымен танысты. Әрбір маман кабинет жайлы айтып, жабдықтар мен әдістемелік әдебиетті таныстырды.

Орталыққа есту, көру, сөйлеу, ойлау қабілеті, тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар келеді. Түзету-дамыту сабақтары Павлодар, Кенжекөл, іргелес жатқан ауылдар мен Павлодар аудандарынан келетін 38 балаға өткізіледі.

- Олар күні сайын 70 минут шұғылданады, - дейді орталық жетекшісі Динара Кайсина, - Біз туғаннан бастап жеті жасқа дейін жұмыс істейміз. Қыркүйек айынан бастап 18 жасқа дейінгі жеткіншектер келетін болады.

 

Қонақтарды топырақ терапиясы, «Дэльфа» құрылғысы, логопедиялық аумақтар, Монтессори жабдықтары қызықтырды. Олар кабинеттің жоғары деңгейде жабдықталғанын атап өтті.

- Жұмыс сапары барысында Жамбыл облысы әкімінің мүгедектер жөніндегі кеңесшісі Руслан Төлегенов пен алты жасар Дмитрий Казимцовтың арасында әңгіме өрбіді, - дейді Динара Кайсина. – Бала церебралды сал ауруына шалдыққан. Ол өз еркімен сабақта салған суретін кеңесшіге сыйға тартты. Руслан Төлегенов болса, одан қолтаңба сұрап еді, Дима Д әрпін жазды. Бұл жағдай ешкімді бей-жай қалдырмады.

Томирис Бекжан

Сурет пен видо психологиялық-педагогикалық түзету орталығынан алынды

pavlodarnews.kz