Асхана директоры Олег Субботин осыдан үш жыл бұрын өз қаражатына пицца пісіруді бастаған. Ол кезде дәмі тіл үйірер тағам түрін түскі ас уақытында әртүрлі мекемелерге жеткізумен ғана айналысқан. Алайда сұраныстың көптеп түсуінің арқасында кәсіпкер небары екі жылдың ішінде пицца пісіретін үш зал ашып үлгерген. Оның екеуі «Сity mall» сауда орталығында болса, біреуі - «Болашақ» сауда үйінде.

- Бұл – мемлекеттік қолдаудың арқасы. 2015 жылы мемлекет тарапынан «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша үш миллион теңгенің грантын ұтып алып, пицца пісіретін пеш және шикізатты сақтайтын мұздатқыш сатып алдық. Міне, соның арқасында аз уақыт ішінде өз арманыма қол жеткізіп отырмын. Барлығы 20 жұмысшы бар. Осы жазда көшеде пицца сататын орын ашамыз. Ол үшін қала орталығынан жерді жалға алып қойдық. Жақында жұмысын бастайды, - дейді Олег Субботин.

Кәсіпкер пицца пісіруден басқа, қала тұрғындары үшін сұлулық салондарының қызметін ұсынатын мобильді қосымша іске қосуды да жоспарлап отыр. Яғни, жаңа мобильді қосымшаны интернет арқылы смартфон телефоныңызға жүктеп алатын болсаңыз, сұлулық салондарының орналасқан жері мен бағасы туралы мәліметтерді біліп отырасыз.

Айта кетейік, Екібастұз қаласында 2013-2016 жылдары аралығында жалпы сомасы 83,5 млн теңгеден асатын 28 грант бөлінген. 2015 жылға дейін ең үздік бизнес жоспарын әзірлеп, іске қосқан 26 кәсіпкерге 78 млн теңге берілген. Ал, 2016 жылы екі адамға 5,5 млн теңгенің екі гранты ұсынылған.

Тілеуберді Сахаба

Суретті түсірген - Дархан Өмірзақов

pavlodarnews.kz