Ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерболат Шәкіровтің айтуынша, хатта майданда ерлік көрсетіп,  жаумен күрескен  Шақа ауылдық округіне қарасты Бәйімбет ауылының тумасы, ҰОС ардагері Исабеков Боранбай Қалымұлының (Есибеков Бурумбай)  «Ерлігі үшін» және «Ленинградты қорғағаны үшін» медальдары Эстонияның Таллин қаласынан табылғандығы туралы жазылған.

- Бұдан кейін Аққулы ауданының әкімі Абзал Балғабаевтың атына Ресей Федерациясынан Ұлы Отан соғысының қатысушысының туыстарына іздеу салу жөнінде хат келді, - дейді Ерболат Шәкіров. - Сондай-ақ батырдың сондағы бауырластар зиратына қойылғаны анықталды. «Мемориал» жинақталған дерекқор базасының мәліметіне сүйенсек, Боранбай Исабеков 1914 (1916) жылы Павлодар облысы, Галкин ауданы (қазіргі Аққулы), Шоқтал ауылында туған. Әскер қатарына Лебяжі ауданынан шақырылған. Соңғы қызмет еткен орны - 1078-ші атқыштар полкі. Майдан жерінен 1945 жылдың наурыз айынан із-түссіз жоғалған. Жұбайы – Күләш Есімбекова, анасы – Макуза Есібекова. 1953 жылы сарбазды туысқандары Цюрупинский комиссариаты арқылы іздеген.

Боранбай Исабековке тиесілі заттарды табыстау үшін батырдың туыс-туғандарына іздеу салынған. Осылайша Ұлы Отан соғысының 75 жылдығы қарсаңында майданда жаумен арпалысқан жауынгердің туыс-туғандары табылған.

– Жуық арада ұрпақтары солдатқа тиесілі заттарды алатын болады, – дейі ішкі саясат бөлімінің басшысы. – Мұндай тарихқа толы құнды дүниенің табылуы, сонымен қатар ауданымыздан майдан қатарына қосылған батырдың ерлігі - біз үшін зор мақтаныш.

Батырдың жалғыз тұқымы Балшакар Боранбайқызы бүгінде сексеннің сеңгіріне аяқ басқан.

– Әкем майданға аттанғанда біз Бәйімбет ауылында тұрған едік, – деп еске алады батырдың қызы. – Соғысқа әкеммен бірге тағы үш ауылдасымыз кеткен екен. Олар – Николай Нохрин, Николай Комиссаров және Паша Беляев. Үшеуі де аман оралып, бала-шағасымен қауышты. Бірақ, барлығы мүгедек болып келді. Бірі аяғынан айырылса, бірінің қолы жоқ дегендей. Мен олардың балаларына қызыға қарайтынмын. Эстониядан медальдары табылғаны туралы хабарды естігенде қатты қуандық. Көзіме жас келді. Менің ата-әжемнің де бір арманы осы еді. Ең болмағанда қайда жатқанын білсек деп отыратын. Міне, сол күнге жеттік. Мен үшін «майдангердің қызы» деген сөзден артық атақ жоқ. Балаларым да батырдың жиеніміз деп ерекше мақтанышпен айтып жүреді. Отан үшін ерлік көрсеткен ерлерді іздеу жолында еңбек етіп жүрген азаматтарға аналық алғысымды білдіргім келеді.


Ақбота Сейсенбаева

Фото: Серік Қапаров

pavlodarnews.kz

Тэги: ҰлыЖеңіс75жыл