Бұл туралы 24.kz хабарлайды.

Монарх халыққа жолдаған үндеуінде бірлік сақтаған жағдайда ғана Біріккен Корольдік коронавирус дағдарысын өткеретіндігін айтты. Бүгінгі таңда елде COVID-19-дан 5 мыңдай адам көз жұмып, Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон ауруханаға жатқызылды.

Бұл – жетпіс жылға жуық әмірлік еткен Патшайымның төртінші жолдауы. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары және Диана ханшайымның қазасынан кейін жазылған үндеулер әлі ел есінде. Әдетте 93 жастағы монарх рождестволық құттықтаулар ғана жолдайтын.

ІІ Елизавета патшайым:

- Әлі талай сынақтар күтіп тұрғанмен, шуақты күндер алда деп сенейік. Біз туыстарымызбен, достарымызбен қайта табысып, көрісеміз. Ал, әзірге мен сіздерге алғыс білдіріп, жылы лебізімді жолдаймын.

Дағдарыстың қызған шағында Патшайымның отбасы сын астында қалды – Елизавета екіншінің ұлы Чарльз Ханзада көпшіліктің талқысына түсті. Ол үкіметтің «үйде отыр» деген ақылына құлақ аспай, Шотландиядағы сарайына жол тартқан болатын. Салдарынан коронавирусқа шалдықты. Бұған қарамастан, жақында жетпіс бір жастағы тақ мұрагері жаңа аурухананың тұсауын онлайн кесу құрметіне ие болды. Уақытша ем-дом көрсететін орын Бүкіләлемдік көрме орталығының ішінен тоғыз күн ішінде бой көтерді және төрт мыңға жуық науқасқа қызмет көрсетпек.

Чарльз ханзада:

- Мен COVID-19-дың жеңіл түрін жұқтырғандардың бірімін. Бірақ кейбіреулер үшін бұл қатал сынақ болмақ. Енді әрбір адам қажетті медициналық көмек алатынын естіп, қуанып отырмын.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Айта кету керек, коронавирусқа шалдыққан премьер-министр Борис Джонсон он күннен бері дертінен жазылар емес. Ол ем қабылдау үшін бүгін ауруханаға жатқызылды. Англияның Ұлттық денсаулық сақтау қызметіне жақын ақпарат көздері «науқастың өкпесі жасанды желдетіледі», дегенді айтады. Джонсонның жағдайы қиындаса, ел басқару жауапкершілігі Сыртқы істер министрі және бірінші мемлекеттік хатшы Доминик Раабқа жүктелмек.

pavlodarnews.kz

Тэги: