Білім беру мекемесі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, еріктілер қозғалысының оқушылары осылайша халықтың денсаулығы мен тыныштығын сақтауда еңбек етіп жүрген медицина қызметкерлері мен тәртіп сақшыларына қолдау білдіруді жөн көрген.

Олардың бірі Сабыр Қасиет - қазақ тілі пәні бойынша олимпиада жеңімпазы, Ednova мобильдік қосымшасының патент иегері, мектептегі еріктілер қозғалысы, «Аманат» экологиялық клубының белсенді мүшесі.

- Күллі адамзат өміріне төнген қауіп әр жанның өміріне өзгерістер әкелді. Қарапайым халық төрт қабырғаға қамалып қалса, денсаулық сақтау саласының мамандары мен полиция қызметкерлері отбасынан жырақта жүр, - дейді Сабыр Қасиет.

11-сынып оқушылары Қазақстан, Ресей, Жапония, Корей, Германия, Италия, Қытай, Испания, Швеция, Чехия, Түркия елдерінің тілдерінде ризашылықтарын жеткізді.

- Бұл мамандықтың иелері адамдарды аурудан аулақ сақтау үшін түн ұйқыларын төрт бөліп, дамыл таппай шырылдап жүр. Пациенттермен тікелей байланысқа түсу арқылы өз өмірлері мен денсаулықтарын сарп етуде. Жасап жатқан еңбектеріңіз үшін мың алғыс!, - дейді шын жүректен Азиза Айтмұхамбетова.

Азиза Айтмұхамбетова Колмогоров оқуларында 2-орын иегері атанған, Германиядан келген оқушылармен алмасу жобасына қатысушы.

Еріктілер қоғамының мүшелері Аяулым Сүйіндікова, Дамира Баяндина, Аделя Исеева және басқа да белсенді оқушылар бейнебаянды бірлесіп түсірген.

Олардың әрқайсы болашақта еліміздің өркендеп, даму жолында өз үлестерін қосатын мамандық иегері болуды армандайды.

А. Бекжанқызы

pavlodarnews.kz

Тэги: covidk