Павлодар қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі  басшысының орынбасары Лариса Кузьменкованың айтуынша, төтенше жағдай кезінде табысынан айырылуына байланысты 42500 теңгені алатын азаматтардың 7 санаты бекітілген.  

Олар:
- жалақысы сақталмайтын демалыста жүрген шағын және орта кәсіпкерлік нысандардың жұмыскерлері;
- карантин енгізілген аймақтардағы ірі кәсіпорынның жалақысы сақталмайтын демалыста жүрген қызметкерлері;
- жеке кәсіпкерлердің өзі;
- жеке тәжірибемен айналысатындар (сот орындаушылары, нотариус, медиаторлар және т.б.);
- өзін-өзі жұмыспен қамтыған БЖТ төлеушілер;
- келісімшартпен қызмет көрсететін тұлғалар;
- коммерциялық емес ұйымдардың қызметкерлері.



Аталған әлеуметтік төлемді алу үшін өтінішті «Электрондық үкімет», Телеграм бот, 42500.enbek.kz ресми сайты арқылы беруге болады.

Лариса Кузьменкова қалалық әкімдіктің жанында төлемді тағайындау бойынша штаб құрылғанын атап өтті.

-     Штабта тек екі санаттағы азаматтардың өтінішін қарастырамыз, - деді Лариса Кузьменкова. – Бұл – шағын және орта кәсіпкерлік, коммерциялық емес ұйымдардың қызметкерлерінің өтініші. Қалған санаттағы азаматтардың өтінішін автоматты түрде мемлекеттік корпорация қарайды. Қазіргі уақытта қалалық штаб 186 кәсіпорынның 1308 қызметкерінің өтінішін қарады. 9 азаматтың өтініші қабылданбады. Қазір қарауда 1790 өтініш бар. Өтініш белгіленген түрде толтырылмаса және берген адамдар аталған ұйымдар мен нысандардың қызметкері болмаған жағдайда қабылданбайды. Бұл бір реттік төлем екенін еске сала кетейін.

Айта кетейік, ереже бойынша штаб өтінішті 1 күн ішінде қарауы тиіс. Қазіргі уақытта Павлодар қаласында 552 адам 42500 теңгелік әлеуметтік көмекті алды.

Оразбек Саяхат
Фото: Роза Мұстафина және ашық дереккөзден

pavlodarnews.kz

Тэги: covidk