- ҚР Президентінің 2020 жылғы 2 сәуірде жарияланған «Әскери міндеттілерді арнайы жиындарға шақырту» туралы Жарлығы мен Павлодар облысы әкімінің қаулысына сәйкес бүгіннен бастап әскери міндетті азаматтар төтенше жағдай кезінде коронавирустық инфекцияның алдын алу және дезинфекция жұмыстарына жұмылдырылады. Барлығы 100 адам облыстық қорғаныс департаментіндегі жинақтау пунктіне өз еркімен келді. Бұл азаматтардың ел алдындағы сана-сезімі мен жауапкершілігін көрсетеді. Павлодар қаласы әкімдігімен тапсырманы ойдағыдай орындау үшін толық жағдай жасалды. Өз еркімен келген азаматтардың барлығы ҚР Қарулы күштерінде қызмет еткен, - дейді аумақтық қорғаныс бригадасының командирі, полковник Мейірбек Джекшебаев.

Запастағы офицер, подполковник Талғат Есенбаев төтенше жағай кезінде тұрғындардың қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтауға атсалысу үшін өз еркімен келгенін айтады.

-  Маған ешкім хабарласып, шақырған емес, - дейі ол. -  Қиын сәтте халыққа көмек көрсету жөнінде шешімді өзім қабылдадым. Қай жерге жіберсе де қызмет етуге және тапсырмаларды орындауға, жастарға өз тәжірибемді үйретуге дайынмын. Қандай талап қойылатынын жақсы білеміз. Ұлттық ұлан қатарында қызмет етіп, үш жылдан бері зейнеткерлікке шыққанмын. Қазіргі таңда өзімінің жеке күзет агенттігім бар. Жеке кәсіпкермін. Жасым 40-та.

20 жастағы Евгений Антонцев те жиынға қатысу жөнінде ұсыныс түскенде бірден қабыл алып, медициналық тексеруден өткен.

- Мектепті бітірген соң 2017 жылы Инновациялық Еуразиялық университетіне грант бойынша оқуға түстім, - дейді Евгений. - Бірінші курстан кейін Отан алдындағы борышымды өтеу үшін әскерге аттандым. «Отар» әскери базасында қызмет еттім. Жарты жыл бұрын өз міндетімді өтеп, елге оралдым. Келесі жылы оқуды жалғастыруды жоспарлап отырмын. Тапсырмалардың барлығымен таныспын. Сондықтан еш қиындық тудырмайды деп ойлаймын.

А. Бекжанқызы

Фото: Светлана Воронова

pavlodarnews.kz

Тэги: covidk