Бұл туралы онлайн баспасөз жиынында Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрлан Садыбеков мәлім етті.

-    Биыл өңірімізде өткен жылғыдан 153 мың гектарға артық көлемде егін салынады, - деді Нұрлан Садыбеков. – Әсіресе, жем-шөп дақылдары артады. Өйткені 2019 жылы мал басы артты. Импорттық ірі қара басы өсті. Көктемгі егін жұмыстарына техниканың 99 пайызы дайын. 10 күннен кейін 100 пайыз дайын болады. Шарбақты, Павлодар аудандарындағы ірі  шаруашылықтар ылғалды жабуға шықты. Тұқым жеткілікті. Шет елдерден келетін тұқым мен жабдықтар бойынша мәселе жоқ.



Нұрлан Садыбековтың айтуынша, жаппай тұқым себу 15 мамырда басталады. Жалпы, 5 мамыр - 3 маусым аралығында белсенді тұқым себу жұмыстары жүргізіледі.  

Басқарма басшысы жаңа техника алатын шаруашылықтарға көмек ретінде техника құнының 25 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланатынын айтып өтті.

-    Қазіргі уақытта облысымыздағы комбайндардың 78 пайызы, тракторлардың 88 пайызы ескірген, - деді Нұрлан Садыбеков. – 2019 жылы 770 техника сатып алынды. Биыл мемлекет тарапынан 25 пайыздық субсидиялауға 4 миллиард 400 миллион теңге бөлінген. Оның 1 миллиарды игерілді. Жыл басынан бері 188 техника алынды. Оның 39-ы мемлекет тарапынан субсидияға ие болды. Қалғаны шаруашылықтардың жеке есебінен сатып алынған.

Сонымен қатар, бүгінде 30 гектарға ерте салынатын сәбіз егілген. Сондай-ақ өңірімізде пайда болатын қант зауытына шикізат ретінде қолданылатын қызылшаны егу басталған. Өткен жылы қызылшаны 9 шаруашылық 1 гектардан еккен болса, биыл 225 гектарға қызылша егіледі.

Оразбек Саяхат
Фото: ӨКҚ және ашық дереккөздерден

pavlodarnews.kz

Тэги: covidk