Жақында Шарбақты ауданында үлкен өрт тіркелді. Қосқұдық аулынан бір километр жерде 1 мың гектар аумағында құрғақ шөп өртене бастады. Ауылдық жерге өрт төну қаупі болғандықтан, 14 адамды эвакуациялауға тура келді. Өр сөндіру жұмысына 12 бірлік техника мен ТЖ бойынша департаментінің жеке құрамынан және өз еркімен өрт сөндіруге ниет білдірген 30 сарбаз қатысты.

Соңғы екі аптаның ішінде Павлодар облысында барлығы 100-ге жуық қу ағаштың өртенуі тіркелген, сонын салдарынан 1,5 мыңға жуық ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жер жанып кетті.

Аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов көктемгі өрт қауіпті кезеңі мәселесіне жіті назар аударып, өрт қоюшыларды қатаң жазалауды тапсырды.

- Осындай әдейі өрт қоюшылар тек елді мекендерге ғана емес, орман шаруашылығына зиян келтіріп, қазіргі ТЖ кезінде үлкен қиындықтар тудырады, - деп мәлімдеді облыс әкімі. – Тек соңғы күндері ішінде Павлодар ауданының Чернорецкий ауылдық мекені мен Аққулы ауданының Қызыләскер аулынан шыққан дала өрттері орманға көшіп, 30 гектар орман жанып кетті. Біз заң бұзған жер қолданушыларын қатаң жазалап, бұл туралы БАҚ арқылы көпшілікке жеткіземіз. Жерді тартып алу жөнінде бірқатар шешімдерді қарастыратын боламыз. Тек осылай ғана жағдайды бақылауымызда ұстай аламыз.

Көктем келісімен Павлодар облысында 77 гектар аумағында 5 орман өрті тіркелді. Ауылдық жерден шыққан өрттің Мемлекеттік орман қорына таралуына жол бермеу үшін орман күзеті 38 рет шұғыл әрекет ету мақсатында жолға шыққан.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам