– Әрине, Елбасының еліміз үшін еткен еңбегі зор, – дейді Еркеғали Жанғазы. – Оның бәрін тізбелеп айтпасақ та, бәрі көз алдымызда тұр. Бүгінгі үндеуінде бірлік пен татулықтың қадірін айқындай түскендей. «Бірлік жоқ жерде - тірлік жоқ» деп данышпан Төле бидің сөзін мысалға ала отырып, татулығы жарасқан елдің аспайтын асуы, алмайтын қамалы болмайтынын тағы бір түсіндірді. Ашық түрде ұстанған саясатының түпкі мақсаты татулық пен ынтымақ екенін қарапайым әрі түсінікті тілмен жалпақ жұртқа жеткізді. Болашақта алдымызда кездесер қиындықтарды жеңу мақсатында жинақталған қордың халық үшін, ел үшін екендігін, ешбір адам көмексіз қалмайтынын және кәсіпкерлерге де көмек көрсетілетінін айтты. Сонымен қатар, кәсіпкерлер де халыққа қамқорлық танытып, тәуелсіз елімізге өз үлесін қосу керектігіне тоқталды. Шынында да кешегі Кеңес үкіметі заманында кәсіпкер деген болмады, бәрі үкіметтікі еді ғой. Олардың да табысқа кенелуі – осы тәуелсіздіктің арқасы.

Бірлестік төрағасы үлкенге – құрмет, кішіге - ізет көрсету қазақтың қанында бар қасиет бар екенін атап өтті.

– Бұл сөздер жастарға қаратып айтылды, – дейді ол. – Жастар – еліміздің ертеңі, болашағымыздың бастауы. 30 жылдың ішінде көптеген тәрбие жинады. Шетелде білім алды, әлемді көрді. Енді сол білімді еліне пайдалы іске жарататын уақыт келді. Жүрген жерімде менің айтарым: билікке қарсы шаба бермей, кемшілігін іздеп, жинай бермей, сол кемшілікті бірігіп жеңуге тырысуымыз керек. Өйткені ел – біздікі, халық – біздікі, билік – біздікі. Барлығы біздің азаматтар, шеттен келген жоқ. Біріміздің танысымыз, көршіміз, туыс, аға, жекжатымыз, досымыз, бірге оқыған сыныптасымыз, ауылдасымыз, жерлесіміз. Сондықтан біз бірігіп қана кез келген қиындыққа қарсы тұра аламыз.

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, Үндеу, Елбасы