Владимир Бобров ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласына қатысты өз ойларымен бөлісті.

- Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарға дер кезінде үндеу жасады, - дейді Владимир Бобров. – Елбасының бүгінгі мақаласы аса үлкен маңызға ие. Нұрсұлтан Әбішұлы өз ойларын баршаға түсінікті, әрі нақты тілмен жеткізе білді. Кәсіпкерлерді көмекке зәру жандарға көмектесуге шақырған Елбасының сөзін қуанышпен қарсы алдым.

«Казэнергокабель» АҚ бас директорының айтуынша, қазірде бизнесмендер ерекше жауапкершілікті сезінуі керек. Елбасының көреген саясатының арқасында Қазақстанда жеке кәсіпкерлік пайда болып, ел экономикасы аяғынан тік тұрды. Бүкіл әлем дағдарысқа ұшыраған сәтте қазақстандықтар бірігуі тиіс. Оның бір көрінісі – бизнесмендер #BizBirgemiz акциясына белсенді араласып, қазақстандықтарға қол ұшын беруде.

- Қазіргі қиын кезең баршамыз, әсіресе кәсіпкерлер үшін ауыр сын, - дейді Владимир Бобров. – Алайда мемлекет кәсіпкерлерді қолдау үшін барын салуда. Осы уақытта бизнесті барлық жауапкершіліктен босатуды сұрау – артықтық. Бүгінде мен барлық кәсіпкерлерді ең құнды қазынамыз – кадрларды сақтап қалуға тырысуға шақырамын.

Сөз соңында Владимир Бобров қазақстандықтар кез келген қиындықты жеңе білетініне күмән келтірмейтінін атап, ел халқын жігерлендірген осынау маңызды мақала жариялаған Елбасына зор алғысын білдірді.

Айбек Жұматов

Фото: ашық дереккөздерден

pavlodarnews.kz

Тэги: Елбасы, Нұрсұлтан Назарбаев, мақала, Владимир Бобров, кәсіпкерлік