Pavlodarnews.kz тілшісі тәуелсіз сарапшының көмегіне жүгініп, оның пікірін тыңдауды жөн көрді. Павлодар облысы қаржы саласының ардагері Виктор Бочин клубтың бүгінгі қажеттіліктері 5 миллиард теңге екендігін есептеп шығарды.

- Қазіргі кезде клуб 2 миллиард теңгеге ие (2020 жылға бөлінген қаражат, оның 300 миллионы жұмсалған – автор түсіндірмесі), - дейді ол. – Клубтың берешегі 3 миллиард теңге шамасында. Демек, «ERTIS» ФК қарыздары бюджетінен 2,5 есе көп.

Қаржы сарапшысы клуб проблемалары шешілетініне зор күмәнмен қарап, бұл мәселеде түбегейлі шешімдер қабылдануы керектігіне баса көңіл аударды.

- Клубтың бюджет пен спонсорлық қаражат есебінен қаржыландырылатынын және бүгінгі экономикалық ахуалды есепке алғанда бұл мәселені шешу өте қиын, тіпті мүмкін емес деуге болады, - дейді Виктор Бочин. – Сондықтан мұнда түбегейлі шешімдер қабылдануы тиіс. Тіпті клубты банкрот деп жариялауға тура келуі мүмкін. Бұл шешімді құзырлы органдар қабылдап, олқылықтарға жол беру фактісі бойынша жауапкершілікті тағайындауы тиіс.

Командамызды жаңарту қажеттілігін Павлодар қаласының құрметті азаматы, «ERTIS» ФК тәжірибелі жанкүйері Евгений Азаров та мойындайды.

- Командамыздың құлдырағанына 3-4 жылдан асты, - дейді Евгений Азаров. – Жаттықтырушылар жыл сайын ауысып, легионерлерге қомақты қаржы жұмсалады. Олар ол ақшаны ақтамайды. Нәтижесінде клуб қарызға белшесінен батты. Бізге өз жігіттерімізді тәрбиелеп, команданы өзгертуіміз қажет.

Естеріңізге сала кетейік, Atameken-Aydit ЖШС тәуелсіз компаниясы клубтың 2017-2019 жылдар ішіндегі қызметіне аудит жүргізгені туралы ақпарат жарияланды. Оған сәйкес, клуб жұмысында көптеген ереже бұзушылықтар анықталған. Айталық, Ertis ФК салық есебінің дұрыс жүргізілмегені, соның салдарынан клубтың салық бойынша берешегі 973,9 млн теңгеге жеткені мәлім болды. Оған қоса, клуб жаттықтырушылар мен футболшыларға 379,5 млн теңге сомаға сметадан артық мөлшерде айлық төлеген.

Айта кетейік, «ERTIS» ФК Қазақстанның бес дүркін чемпионы болып табылады. Алайда соңғы екі маусым ішінде команда тек Премьер-лигадағы орнын сақтап қалу үшін күресуде. 2018 жылы команда 10-орында тұрақтаса, былтыр сегізінші орында қалды. Осы аралықта клубта бес бапкер ауысып үлгерді.

Айбек Жұматов

pavlodarnews.kz

Тэги: Ertis ФК, Ертіс ФК, футбол, ҚПЛ, Премьер-Лига