Шарбақты аудандық ауруханасының бас дәрігері Бақыт Қасымованың айтуынша, ер адамның екі қолы мен бетін 20 пайыз күйік шалған.

- Жағдайы тұрақты. Толық көлемде ем қабылдауда, - дейді бас дәрігер.

Ерікті өрт сөндірушілер құрылымының мүшесі Жылыбұлақ ауылында болған тілсіз жауды ауыздықтау кезінде зардап шеккен.

Сондай-ақ облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, Александровка және Николаевка ауылдарының арасында жалпы аумағы 240 га алты ошақта құрғақ шөп жанған.

ТЖ департаментінен 5 қызметкер мен бір техника, ҚР ҰҚК Шекара қызметі мен жергілікті атқарушы органнан 8 адам мен екі техника жұмылдырылған.

- Өрттің Ресей Федерациясына өтуіне тосқауыл қойып, мемлекеттік шекараға дейін бірнеше метр қашықтықта толығымен 8 сәуір күні сағат 01.17-де ауыздықталды. Өзара іс-қимыл шеңберінде өрт туралы ақпарат Алтай өлкесі бойынша РФ ТЖМ жедел кезекшісіне жіберілді, - дейді департаментте.

Еске сала кетейік, Шарбақты ауданында Қосқұдық аулынан бір километр жерде 1 мың гектар аумағында құрғақ шөп өртене бастады. Ауылдық жерге өрт төну қаупі болғандықтан, 14 адамды эвакуациялауға тура келді. Өрт сөндіру жұмысына 12 техника мен ТЖ бойынша департаментінің жеке құрамынан және өз еркімен өрт сөндіруге ниет білдірген 30 сарбаз қатысты.

Соңғы екі аптаның ішінде Павлодар облысында барлығы 100-ге жуық қу ағаштың өртенуі тіркелген, салдарынан 1,5 мыңға жуық ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жер жанып кетті.

Аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов көктемгі өрт қауіпті кезеңі мәселесіне жіті назар аударып, өрт қоюшыларды қатаң жазалауды тапсырды. Тіпті, заң бұзған жер қолданушыларын қатаң жазалап, бұл туралы БАҚ арқылы көпшілікке жеткізуді және жерді тартып алу жөнінде бірқатар шешімдерді қарастыруы тапсырды.


Ақбота Сейсенбаева

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам