Аймақтық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының айтуынша, Павлодар облысының мемлекеттік орман қорында 7 өрт шығуы тіркелген. Олардың бесеуі ауылдық жерлер мен шаруа қожалықтарынан көшкен. Құрғақ шөпті өртеушілердің басым бөлігі фермерлер болғандықтан, аймақта оларға қатаң жаза қолданылады деп шешілді.

- Бүгінгі күні Ақсу және Май аудандарында шөп өртеген екі шаруа қожалық иелеріне 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды, - дейді басқарма басшысы Талғат Бешенбаев. – Аталмыш жағдай қайталанатын болса, айыппұл көлемі 1500 АЕК-ке дейін өсуі мүмкін. Екі жайт бойынша іс материалдары аудандық ішкі істер бөлімдеріне, ТЖ бойынша департаментіне және экология департаментіне жіберілді. Өрт қоюдан шыққан тікелей немесе жанама нұқсан көлемі анықталады, содан кейін залалды өтеу үшін шаруа қожалықтарына сотқа шағымдануға мүмкіндік беріледі.

Маманның айтуынша, соңғы жылдары жағдай қайталанып отыр, яғни көктем келісімен шаруа қожалық иелері өз алқаптарында құрғақ шөпке әдейі өрт қояды. Олар жалын басқа елді мекендерге немесе орман алқаптарына көшеді деп ойламайды.

- Өкінішке орай, фермерлердің көбі тілсіз жауды бағындыру қиынға соғатынын естен шығарып, тек өз шаруа қожалықтарын жаңа шөппен қамтамасыз етулерін ойлайды, - дейді Талғат Бешенбаев. – Соның салдарынан біздің орман алқаптарымыз, жануарлар мен елді мекендеріміз зардап шегеді.

Айта кетерлігі, 8 сәуір күні Ленин кентінде 30 гектар жерде кезекті өрт шықты. Тілсіз жаумен күресуге 10 сағат уақыт жұмсалды. Өрт сөндіруге 16 бірлік техника, ТЖ бойынша департаментінің қызметкерлері, еріктілер және орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің жұмысшыларынан құрылған 57 адам жұмылдырылды.

pavlodarnews.kz

Тэги: