«JEBE» ҚБ Құрметті төрағасы Жұмабек Сманов картопты жергілікті жас кәсіпкерлер ұсынғанын атап өтті.

-    Елімізде қалыптасқан жағдайға байланысты бірлестігіміз жергілікті кәсіпкерлермен бірге қайырымдылық шарасын өткізу туралы шешім қабылдады, - деді Жүмабек Сманов. – Шара барысында 5 тонна картоп таратпақпыз. Оны жергілікті кәсіпкерлер ұсынды. Олар өздерінің есімдерін атамауды сұрады. Мұндай төтенше жағдайдан бірлігімізді танытып, бір-бірімізге қол ұшын созу арқылы ғана шыға аламыз.



Жұмабек Смановтың айтуынша, 5 тонна картоп аз қамтылған, көп балалы және ерекше қажеттілігі бар отбасыларға таратылады.

-    Отбасылардың тізімін  Павлодар қалалық әкімдігі мен «Jas Otan» жастар қанаты ұсынды. Ұйымдастыру жұмыстарына ықпал еткен осы мекемелерге алғысымызды айтамыз. Отбасылардың басым бөлігіне бір-бір қаптан таратылуда. Өздері өтініп, жарты қаптан алып жатқандар да бар. Отбасындағы адамдардың санына қарай таратылады, - деді Жұмабек Сманов.



Көмек ретінде беріліп жатқан картоптан жалғызбасты зейнеткер Галина Рыжуноваға да жеткізілді.

-    Осындай қиын кезде зейнеткерлерге жастардың көмегі ауадай қажет. Үйде жалғыз тұрамын. Жасым 73-те. Мемлекет тарапынан берілетін азық-түлік жиынтығынан үміткер атана алмадым. Тосыннан мұндай көмек келгені қуантты. Қайырымдылық жасап жүрген жандарға алғыс білдіремін, - деді Галина Рыжунова.



Айта кетейік, қазіргі уақытта 100-ге жуық отбасыға картоп жеткізілді. Оған қоса, Павлодар қаласында шет елдерден келіп білім алатын, жағдайға байланысты жатақханаларында қалып қойған 80-ге жуық студент бар. Алдағы уақытта отбасылардың санын 200-ге жеткізу жоспарланған.

Дулат Райымбек
Фото: «JEBE» ҚБ

pavlodarnews.kz

Тэги: «JEBE» ҚБ, covidk